Санада сілкініс, жүректе бұлқыныс тудырған желтоқсан

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Шындығында, бұл жай ғана оқиға ма еді? Оқиға болса, ойдан шығып, жадыдан өшер еді. Бодандықтың бұғауын үзген, келешектің кемелдігін сезген жастардың жанайқайы еді бұл. Алаңға шыққан азаматтар өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асырды, бірақ шындықты тыңдағысы келмейтін билік демонстранттарға қарсы әскерлер мен полицияны айтақтап салып, көңіліндегісін айтқан көпті көтеріліс жасағандар етіп көрсетті, айыпты етті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да тәуелсіздік дәмін сездірген осы бір тарихи сәт туралы жекелей тоқталған еді: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек». Содан бері де 35 жыл өтті. Бірақ әлі де саяси бағасын толық алмаған бұл тарихи сәт санаға салмақ салуда. Азаттықтың, қазақтықтың қандай боларын сезіндірген сол бір ауыр күндердің тірі куәгерлері күрсіне отырып өткен сәтті еске алады. Бүгінде Желтоқсанның тірі куәгерлерінің бірқатары Қарағанды облысында тұрады. Солардың бірі – «Желтоқсан» республикалық халықтық отаншылдық қозғалысының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы ӘБДІРАХМАНОВ АБАЙ ЖҰМАБАЙҰЛЫ.

– Абай Жұмабайұлы, қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті 16 желтоқсан туралы сөйлессек. Сізді алаңға алып шыққан қандай күш, қандай талап?

– Мен ол кезде Алматыдағы Ауылшаруашылығы институтында оқыдым. Біз орналасқан жатақхана алаңға өте жақын еді. Алаңда болған көтерілісті көп адам 16 желтоқсанда болды деп айтады. Шындығында, 16-сы күні ешқандай толқу, шу болған жоқ. 17 желтоқсан таңертеңгілік аз адам жиналған, мен бұл жағдайды сағат 11.30-да сабақта отырып білдім, бізді «ешқайда шықпайсыңдар» деп жатақханаға қуып тығып, қамап қойды. Олар бізді қамағанымен, санамызды қамай алмады. Біз жатақханада қамалып отырып қалай да алаңға бару керектігін ұқтық. Содан «тамаққа шығамыз, дүкенге барамыз» дегенді сылтау етіп жігіттер екі-үштен шығып алаңға бет алдық.

– Неліктен сол күнгі оқиғалар алғашында басқаша баяндалды?

– Басында бұл бейбіт митинг болып басталды. Бірақ солақай саясаттың сойылын соққандардың пәрменімен оның бәрін басқаша етіп баяндады ғой. Ал шындықты дәйектер түсірілімнің бәрін КГБ тәркілеп, жойып жіберді. Бірақ 11 минуттық фрагментті қиып алып, тығып тастаған. Бұл құпия видео қазір ғаламторлық желіде жүр. Бұл записьтің өзін сақтап қалу аса қауіпті болды. Біреу-біреуге беріп жүріп, ақыры бұл таспаны бір ұйғырға береді. Ондағылары – оның ұлты қазақ болмағандықтан, оған күдік тумайтыны. Бірақ оның өзі КГБ-ның тінтуінен қорқып, оны орап-орап бақшасына көміп тастаған. «Аққа Құдай жақ» деген ғой, сол таспа тарихи сәттің басты дәлелі ретінде сақталып қалды.

– Ойдағысын айтсам деп барып, ойранның ортасында қалған жастардың тауы шағылып, тағдыры тәлкек болуына не себеп?

– «Пленумның шешіміне қарсымыз» деген халық пікірі билікке жақпады. Қонаевты алып тастап, Колбинді әкелу басты мәселе болды. Халықтың бұл қарсылығына тек жастар шықпады. Жастарды тыныштандырып жүрген салиқалы азаматтар да болды. Мен өз көзіммен көрдім, Әзербайжан Мәмбетов басу айтып жұртты тыңдатқандардың бірі болды. Жұрт тыңдады, тағы айтам, бұл бейбіт жиын болды. Бірден ұр да жық болған жоқ. Бірақ саясаттың мысқыл тірлігі араласып, провокаторлар әр жерден шу шығарып, толқу басталды. Қолдан жасалған қақтығыс үшін арнайы әскер әкелініп қойған. Сол кезде 10-15 мың дружинниктер жұмылдырылды. Дружинниктер дегеніміз – өзге ұлт өкілдерінен құралған жұмысшылар жасағы. Оларды жастарға айтақтап салу үшін ұлтараздық пікір туындатты. Олардың қолына арматурадан сойыл беріп, айдап салды. Коммунистік партияның идеологиясындағы иттік тірлік арқасында оларға «мынау қазақ жастары – алкоголиктер, наркомандар құтырып, балабақшаларда орыс балаларын, әйелдерді өлтіріп жатыр» деген жалған ақпар таратты. Осылай ұлтқа ұлтты қанішер етіп көрсету арқылы қантөгіс қылды. Алғашқы күндері дубинка, щитті, касканы қолданды. 18-і күні спецназ жұмылдырылды. Біле білсеңіздер, сол кезде Мәскеуде Орталық комитетте «Метель» операциясын дайындаған. Оған кілең спецназ жігіттері тартылған. Қандай көтеріліс болса, соны басып-жаншып тастау үшін дайындалған. «Іздегенге – сұраған» демекші, Алматыдағы бұл оқиғаға соларды жіберді. Осылайша арнайы қабылдағыштың бәрі толды. 18-і күні түнде апарып тоғытар жер болмағандықтан, адамдарды қаладан алыс жерлерге апарып тастау тәсілі қолданылды. Өзіңіз ойлаңыз, желтоқсан ызғарында далаға апарып тастап, жігіттердің шалбарын жыртып, белдігін тартып алып, киімсіз далаға сабап тастап кеткендер болды. Рухы көтерілген қайсыбір жігіттер сол қу даладан қайтып келіп, қайта алаңға шығып жатты. Алаңда өлім болды. Қамау да, сабау да болды. Бір жазбаларда айтылады, машиналарға өлі деп тиелген адамдардың ішінен тірі қалғандар да болған.

– Сіз үшін бұл тарихи күннің салдары қандай болды?

– Қазір елдер айтады ғой «сол кезде ата-аналар балаларына неге араша түспеген?» деп. Араша түсер қауқар болмады, КГБ әр жастың туғаны туралы ақпарды білді, олар қудалаудан қорықты. Мен, мысалы, 17-сі күні ұсталдым да, 22-сі күні шықтым. Бірақ артымнан КГБ келді, ондағысы не дейсіз ғой, «сен сол жерде болғандарды атап бер, оқудан шықпайсың, қудаланбайсың» дегенді жеткізді. Бірақ «ешкімді танымаймын» деген бір ауыз сөзбен құтылдық. Бірақ қайта қамауға алды. Менің бағыма қарай, Мәскеуден келген КГБ-ның 200 адамының ішінде бір қаракөз бауырымыз болып, құтылуыма сол көмектесті. Ол мені бостандыққа шығарарда: «Сен еліңе де, туғаныңа да барма. Барар жеріңді ешкімге айтпай бас сауғала», – деді. Содан мен Қырғызстанға өтіп кеттім. Оқудан шықтық, комсомол қатарынан қуылдық. Бірақ мен кейін оралып, оқуға қайта түсуге тырысып көрдім. Неше жыл тапсырсам да болмады. Үш емтиханнан өтіп тұрған жерімнен бір парақ тізімде менің атыжөнімнің болуы кедергі болды. Ондағысы – менің алаңға шыққаным. Бірақ мен бәрібір 1989 жылы сырттай оқуға түстім. Жалпы, бұл оқиғаның салдары сан тағдырды сындырып кетті. Алаңда, қамауда денсаулығына зақым алып, дәрігерге барып қаралуға тергеуден қорқып, мүгедек болып қалғандар да бар. Оның сыртында қаншама адамға психологиялық кері әсерін қалдырды. Сол сәттер туралы айтсаң, жаны құлазып, көзіне жас алып, айтпауды өтінетіндер бар.

– Қанмен жазылған қастерлі ұғым қажетінше ұлықталып, саяси тұрғыда салмақты бағасын алды ма?

– Кезінде комиссия жұмыс істеді. Бірақ олардың алған мағлұматтары бізде жоқ. Биыл Президент Жарлығымен қайта комиссия құрылды. Бірақ одан пайда жоқ. Бұған дейін де мәртебе мәселесі қозғалды. 2016 жылы халықаралық конференция өтті. Оған дүнежүзінен тарихшылар, ғалымдар келді. Сол кезде кітап шықты. «Желтоқсан – ұлт-азаттық көтеріліс» деген мәртебе беру керек делінді. Бірақ коммунистік партия сарқыншағының салдарынан бұл мәртебе әлі де берілмей тұр. Бізде қажетті көңіл бөлінбей тұрғанымен, шетелдік басылымдардың бәрі мұны зерттеген. Мысалы, Польшада Қайрат Рысқұлбековке арнап сол кездің өзінде оның суретімен пошталық марка шығарды. Американың бір танымал профессоры осы оқиғаны зерттеп, «бұл – әлі толық ақталмаған тарихи сәт» деп баға берген. Ал бізде екі комиссия құрылып, екеуінің де жұмысын тоқтатып тастады. Коммунистік партия өкілдерінің өзіндік пиғылы, сол идеологияны қолдағандардың билікте отырған ұрпақтары ұлт үшін жасалған ұлы оқиғаның толық ұлықталғанын қаламайтындай. Комиссия жұмысы соңына дейін жетіп жатса, біраз дүние әшкере болар еді. Дегенмен сол оқиғаның куәгерлері, біз, әлі де әділдіктің орнауы жолында күресеміз. Мен басқарып отырған филиал да сол бағытта жұмыс жасауда. Бізге облыстық, қалалық әкімдік қолдау көрсетуде. Облыстық өлкетану музейінде бір айлық көрме ашылды. Қалада үш жерде Желтоқсанның 35 жылдығына орайластырылған билбордтар орнатылды. Одан бөлек Нұр-Сұлтан қаласында республикалық конференция өтті. Сол конференция барысында үлкен бір жұмыс бітірдік. Қазақстанда Желтоқсан оқиғасы бойынша құрылған 14 қоғамдық бірлестік бар ғой, солардың басын біріктіріп, «Желтоқсан» республикалық қоғамдық кеңесін құрдық. Осылайша жүйелі жұмыс жасап, ақтау жұмыстарын қарқынды ету ойда бар. Бұл оқиға туралы салмақты сараптама жасаған кітаптар аз. Тарихи оқиғаны баяндар фильмдер түсірілсе дейміз. Біз 2011 жылы Қазақстанды аралап, желтоқсандықтардан дерек жинап шықтық, қазір 11 кассеталық жиналған материал тұр. Бірақ бұл құнды дүниенің сапалы түрде жарық көруі үшін қаржы қолбайлау болып отыр.

– Желтоқсан оқиғасы құрметіне ескерткіш, мүсіндер қойып, көше, мектептерге атау беріп, ұлт жадында қалдыру шаралары қаншалықты жүзеге асты?

– Республика бойынша Желтоқсанға арналған 110 нысан бар. Өкініштісі, біздің Қарағанды қаласында мұндай бірде-бір нысан жоқ. Осы бағытта арнайы жоба дайындап, бес гектар жер сұрап отырмыз. Жақсы бір мемориалдық ескерткіш тұрғызып, арнайы сквер ашсақ деген арман бар. Сол гүлзардың бір шетінен «Желтоқсан» аталатын тұрғын үй кешенін тұрғызып, үйдің астынан музей ашсақ дейміз. Оған демеушілер бар, қазіргі жағдайда әкімдік рұқсатын сұрап отырмыз. Осы іс жүзеге асып жатса, ақсап тұрған ұлттық идеологияның бір ағаттығы оңалар еді. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық, тарихи таным қалыптасар еді. Әйтпесе насихат мардытпай тұр.

 – Тәуелсіздік бастауы болған тарихи сәт өзінің лайықты бағасын алсын деп тілейміз.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ