«Алтын адамның» генетикалық құпиясы ашылды
Қазақстан тарихындағы ең құнды археологиялық олжалардың бірі – Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» шығу тегі алғаш рет генетикалық тұрғыдан жан-жақты зерттелді. Халықаралық ғалымдар тобы жүргізген ДНК-сараптамасы әйгілі жауынгердің ер адам болғанын нақты дәлелдеп, оның генетикалық тұрғыдан сақ тайпаларына жақын екенін анықтады. Сонымен қатар оның тегінде Орталық Азияның оңтүстігін мекендеген ежелгі халықтардың да генетикалық ізі бар екені белгілі болды.
Ғылыми зерттеу АҚШ, Германия, Аустралия, Оңтүстік Корея және Қазақстан ғалымдарының қатысуымен жүргізілді. Мамандар Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерінің ғана емес, біздің дәуірімізге дейінгі IX–II ғасырлар аралығында Еуразия даласында өмір сүрген 85 адамның геномын салыстыра зерттеген. Бұл зерттеу ежелгі көшпелі тайпалардың шығу тегі, өзара байланысы және әлеуметтік құрылымы туралы жаңа ғылыми деректер ұсынды.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің қызметкері Марғұлан Түстікбайдың айтуынша, генетикалық зерттеулер бұрын археологиялық және тарихи болжамдарға сүйеніп келген көптеген тұжырымдарды ғылыми тұрғыдан нақтылай түсті.
– «Алтын адамның» ер азамат болғаны туралы пікір бұрыннан айтылып келгенімен, енді ол молекулалық-генетикалық зерттеулер арқылы толық дәлелденді. Бұл сақ қоғамының құрылымын, олардың этникалық құрамын және мәдени байланыстарын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Мұндай ғылыми жаңалықтар халқымыздың көне тарихын әлемдік ғылыми деңгейде дәлелдеп, тарихи мұрамызды жаңа қырынан танытуға жол ашады, – дейді маман.
Ғалымдардың зерттеу нәтижесінде сақ қоғамының билеуші әулеттері арасында туыстық байланыстың жоғары болғаны да анықталған. Бұл сол кезеңде билік пен жоғары мәртебенің ұрпақтан ұрпаққа мұрагерлік жолмен берілгенін көрсетеді.
Марғұлан Түстікбайдың айтуынша, соңғы жылдары археология ғылымы дәстүрлі қазба жұмыстарымен ғана шектелмей, генетика, антропология және заманауи зертханалық технологиялармен тығыз байланыста дамып келеді.
– Қазіргі археология тек жәдігерді тауып, сипаттаумен шектелмейді. Генетикалық зерттеулер арқылы ежелгі адамдардың шығу тегі, көші-қон бағыттары, туыстық байланыстары мен мәдени ықпалдастығы анықталады. Бұл Қазақстан аумағын мекендеген көне тайпалардың тарихын әлемдік ғылым тұрғысынан дәлелдеуге мүмкіндік береді, – дейді ол.
Айта кету керек, Қарағанды өңірінде де археологиялық зерттеулер жүйелі жалғасуда. Жуырда ғана Құлайғыр ауылының маңынан археологтар екі тарихи кезеңге жататын бірегей қорғанды анықтады. Онда ерте темір дәуіріне тән Тасмола мәдениетінің жерлеу орны мен одан да көне – қола дәуіріндегі Нұра мәдениетіне тиесілі қорым табылды. Бұл жаңалықтар Сарыарқа жерінің ежелгі өркениеттер тарихындағы маңызды орнын тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Мамандардың пікірінше, «Алтын адамның» ДНК-сын зерттеу – тек бір тарихи тұлғаның шығу тегін анықтау ғана емес, күллі сақ өркениетінің тарихын жаңа ғылыми деңгейде зерделеуге жол ашқан маңызды жаңалық. Мұндай зерттеулер Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танытып, ұлттық тарихтың тың беттерін ашуға мүмкіндік береді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

