Назарбаев даңғылында жаңа шахмат алаңы ашылды

Қарағанды қаласының келбеті жылдан-жылға жаңарып, тұрғындар үшін жайлы қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – Назарбаев даңғылында пайдалануға берілген ашық аспан астындағы шахмат алаңы. Заманауи демалыс орны қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, зияткерлік спортты дамытуға да серпін бермек.

Жаңа алаңда табиғи тастан жасалған шахмат үстелдері мен алып шахмат фигуралары орнатылған. Мұнда кез келген тұрғын тәуліктің кез келген уақытында келіп, достарымен немесе басқа ойыншылармен шахмат ойнай алады. Қазірдің өзінде бұл орын әртүрлі жастағы тұрғындардың бас қосатын сүйікті мекендерінің біріне айналып үлгерді

Қала тұрғыны Алексей Фарадьян мұндай қоғамдық кеңістіктердің көбейгеніне қуанышты екенін айтады.

– Бұл өте жақсы бастама. Мұнда кез келген уақытта келіп, жаңа адамдармен танысып, шахмат ойнауға болады. Соңғы жылдары Қарағандының көркейіп келе жатқаны анық байқалады. Даңғылдың өзі де әдемі өзгеріп жатыр. Осындай жаңа демалыс орындарының ашылуы тұрғындарды қалаға жанашырлықпен қарауға ынталандырады, – дейді ол.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жоба – қалада зияткерлік демалыс орындарын көбейту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы. Бұған дейін шахмат үстелдері Балалар мен жасөспірімдер сарайының маңында және «Алаш» скверінде орнатылған болатын. Тұрғындардың оң бағасынан кейін бұл тәжірибені кеңейту туралы шешім қабылданған.

Қазыбек би аудандық әкімдігі жоспарлау және абаттандыру бөлімінің басшысы Нариман Иткариннің айтуынша, шахмат алаңы ұзақ жылдар пайдалануға арналған сапалы материалдардан жасалған.

– Шахмат бүгінде елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Сондықтан қала тұрғындары үшін осындай қолжетімді қоғамдық кеңістіктерді көбейтуді қолға алып отырмыз. Орнатылған үстелдер мен фигуралар табиғи тастан жасалған, сапасы жоғары әрі ұзақ уақыт пайдалануға есептелген, – дейді ол.

Жаңа демалыс орны тәулік бойы ашық. Қоғамдық мүлікті сақтау мақсатында аумақ толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылған.

Әкімдік тұрғындарды ортақ игілікке ұқыптылықпен қарауға шақырады.

– Қала үшін жасалып жатқан дүниені бірге сақтауымыз керек. Өкінішке қарай, кейбір орындықтарға немесе қоғамдық мүлікке сурет салып, бүлдіру фактілері кездеседі. Мұндай әрекеттерден бас тартып, керісінше, жаңа алаңдардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, шахмат ойнап, балаларды осы спортқа баулыған дұрыс, – дейді Нариман Иткарин.

Соңғы жылдары Назарбаев даңғылының келбеті айтарлықтай өзгерді. Жаңа демалыс аймақтары, ретро үлгісіндегі аялдамалар, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қаланың сәулеттік келбетін жаңартып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыруда.

Қала тұрғыны Әділдің айтуынша, мұндай өзгерістерді сақтау – әр тұрғынның ортақ міндеті.

– Барлығы өте әдемі әрі сапалы жасалған. Ең бастысы – тұрғындар осының қадірін біліп, бүлдірмей, таза ұстаса екен. Сонда ғана мұндай жобалардың игілігін ұзақ жылдар бойы көре аламыз, – дейді ол.

Қарағандының заманауи әрі жайлы қалаға айналуы – жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі. Алайда кез келген жаңа жоба тұрғындардың ұқыптылығы мен жауапкершілігі болғанда ғана ұзақ уақыт өз қызметін атқара алады. Сондықтан қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарап, қаланың тазалығы мен көркін бірге сақтау – әрбір қарағандылықтың ортақ міндеті.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»