Ауыл медицинасына жаңа мүмкіндік: Қарағанды облысында телемедицина кеңейтілді
Қарағанды облысында ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді. Телемедицина желісінің кеңеюі нәтижесінде өңірдегі 200 мыңнан астам ауыл тұрғыны облыс орталығына бармай-ақ білікті мамандардың кеңесін алу мүмкіндігіне ие болды.
Пилоттық жобаның сәтті жүзеге асуынан кейін онлайн-консультация беру жүйесі облыстың барлық ауылдық аудандарына кезең-кезеңімен енгізілуде. Жоба аясында фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап дәрігерлік амбулаторияларға дейінгі 117 медициналық ұйым телемедицина желісіне қосылады.
Енді шалғай елді мекендердің тұрғындары облыстық клиникалық аурухананың, кардиология және онкология орталықтарының, сондай-ақ облыстық балалар ауруханасының жетекші мамандарынан қашықтан кеңес ала алады. Бұл тұрғындардың жолға кететін уақытын үнемдеп қана қоймай, қаржылық шығынын да азайтып, мамандандырылған медициналық көмекті тұрғылықты жерінде алуға мүмкіндік береді.
Телемедицина жүйесі ауылдық жерлерде қызмет ететін дәрігерлер үшін де маңызды қолдау болмақ. Олар күрделі клиникалық жағдайларда облыстық деңгейдегі әріптестерімен жедел байланысып, бірлескен шешім қабылдай алады. Бұл диагноз қоюдың дәлдігін арттырып, науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, цифрлық денсаулық сақтау технологияларын дамыту – өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетудің маңызды бағыттарының бірі. Телемедицина жүйесінің кеңеюі ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет көрсету деңгейіндегі айырмашылықты азайтып, шалғай елді мекендердегі халықтың денсаулығын қорғауға тың серпін береді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

