Қарағандыда ерте көмек жүйесі кеңейіп келеді
Қарағанды облысында балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, дер кезінде қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде күшейтіліп келеді. Мамандардың айтуынша, өмірдің алғашқы жылдарында көрсетілген кешенді медициналық және әлеуметтік көмек мүгедектіктің алдын алып, балалардың толыққанды дамуына зор мүмкіндік береді.
Елімізде осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – «Алғашқы 1001 күн» жобасы. Бағдарлама баланы дүниеге келген сәттен бастап сүйемелдеуді көздейді. Оның аясында нәрестелердің денсаулығы мен дамуы тұрақты бақылауға алынып, қауіп факторлары ерте кезеңде анықталады.
Бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды облысында да қарқынды жүзеге асырылуда. Өткен жылы Облыстық балалар клиникалық ауруханасының базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Сараптамалық деңгейдегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психофизикалық дамуында кідірісі бар балаларға кешенді көмек көрсетіледі. Мұнда жыл сайын 600-ге дейін кішкентай пациент оңалту және ерте араласу қызметтерін ала алады.
Сонымен қатар өңірде пилоттық жоба ретінде Қарағанды, Шахтинск және Саран қалаларында отбасыларды ерте қолдау қызметтері іске қосылды. Бұл орталықтар дамуында ауытқу қаупі бар үш жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына тегін кеңес беріп, қажетті медициналық, психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетеді.
Мамандар ерте диагностика мен уақытылы көрсетілген көмектің баланың болашақ өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтеді. Сондықтан алдағы уақытта мұндай қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қарағанды облысының аудан-қалаларында да ерте араласу орталықтарын ашу жоспарланып отыр.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар әрбір баланың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне, денсаулығын нығайтуға және қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі саналады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

