Валидатордағы шектеу: жолаушы кінәлі ме, әлде жүйе ме?

Қарағандыда қоғамдық көліктегі электронды төлем жүйесіне қатысты тағы бір даулы жағдай туындады. Айлық жол жүру картасын пайдаланатын тұрғын дәл өзі мінген автобусқа кері бағытта қайта отырған кезде ONAY валидаторы картаны қабылдамай, жолақы төленбегені туралы белгі берген. Нәтижесінде жолаушы мен бақылаушы арасында дау туындап, мәселе автобус ішіндегі өзге жолаушылардың араласуына дейін жеткен.

Бұл оқиға қоғамдық көліктегі цифрлық қызметтердің тиімділігімен қатар, олардың жолаушыларға қаншалықты түсінікті екені туралы мәселені тағы да күн тәртібіне шығарды.

Жолаушының айтуынша, ол жолақысын алдын ала төлеп жүрген, айлық жол жүру картасы да белсенді болған. Алайда автобус соңғы аялдамадан кері бағытқа шыққаннан кейін карта қайта оқылмай қалған.

– Мәселе жүз теңгеде емес. Мен айлық жол жүру картасын сатып алғанмын. Неліктен жүйе қабылдамай қалды екен деп сұраудың орнына, қайтадан жолақы төлеуім керек болды? – дейді жолаушы.

Бақылаушы қолданыстағы талапқа сәйкес жолаушыдан жолақыны басқа тәсілмен төлеуді талап еткен. Төлемнен бас тартқан жолаушыны автобустан түсіру мәселесі көтеріліп, салонда қызу пікірталас орын алды.

Мәселенің себебін «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС-нің Қарағанды облысы бойынша филиалы түсіндірді. Мамандардың айтуынша, жүйеде бір картамен қысқа уақыт ішінде бір көлікте қайта төлем жасауға уақытша шектеу қойылған.

Филиалдың пайдалану бөлімінің инженері Нұрай Ақыжанның айтуынша, бұл функция жолаушының жолақыны кездейсоқ екі рет төлеп қоюының алдын алу үшін енгізілген.

– Жүйедегі бұл шектеу кездейсоқ қайталанатын төлемдерді болдырмау мақсатында қарастырылған. Уақыт аралығы маршруттың ұзақтығына байланысты белгіленеді. Егер жолаушы дәл осындай жағдайға тап болса, міндетті түрде байланыс орталығына хабарласуы қажет. Әрбір өтініш жеке қаралып, жүйеде артық ұсталған қаражат болса, оны қайтару мәселесі шешіледі, – деді Нұрай Ақыжан.

Мамандардың мәліметінше, қоғамдық көліктегі әрбір жаңа сапар жеке төленуі тиіс. Егер валидатор картаны қабылдамаса, жолаушы жолақысын QR-код, SMS немесе банк картасы арқылы төлеуі қажет.

Дегенмен, бұл жерде тағы бір маңызды сұрақ туындайды. Егер жүйе төлем жасауға мүмкіндік бермесе, ал жолаушының өзінде жарамды жол жүру картасы болса, туындаған жағдайдың жауапкершілігі кімге жүктелуі керек? Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда тек жолаушыдан қайта төлем талап ету мәселені толық шешпейді. Ең алдымен ақпараттандыру жұмыстары күшейтіліп, валидатор экранында төлемнің не себепті қабылданбағаны туралы нақты түсіндірме көрсетілгені жөн.

Қазіргі таңда көптеген жолаушылар бұл техникалық шектеу туралы білмейді. Соның салдарынан қоғамдық көліктерде түсініспеушілік туындап, бақылаушылар мен тұрғындар арасында дау-дамай жиілеп отыр.

Мамандар осындай жағдайға тап болған азаматтарға ONAY байланыс орталығына жүгінуге кеңес береді. Егер айлық, әлеуметтік немесе жеңілдік картасын пайдаланған жолаушыдан жүйелік ақауға байланысты қосымша жолақы ұсталғаны анықталса, қаражатты қайтару мәселесі қарастырылатынын айтады.

Цифрлық қызметтердің басты мақсаты – жолаушының уақытын үнемдеп, қызмет сапасын арттыру. Сондықтан мұндай жүйелер тұрғындарға қосымша қиындық емес, қолайлы мүмкіндік ұсынуы тиіс. Ал түсініксіз жағдайлардың алдын алу үшін техникалық шешімдермен қатар, жолаушыларды ақпараттандыру мен қызмет көрсету мәдениетін жетілдіру де маңызды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»