Конституциялық сот Президент өкілеттігіне қатысты түсіндірме жариялады
Қазақстанның Конституциялық Соты жаңа Конституцияның нормаларын түсіндіретін ресми қаулы қабылдап, онда Мемлекет басшысының сайлануына қатысты құқықтық нормаларға түсініктеме берді.
Қаулыда 1995 жылғы Конституцияға сәйкес мемлекеттік лауазымды атқарған тұлғалардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін жаңа конституциялық талаптарға сәйкес сайлануына немесе тағайындалуына мүмкіндік қарастырылғаны атап көрсетілген. Осыған байланысты Конституциялық Сот қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституция аясында Мемлекет басшысы қызметіне қайта кандидат ретінде қатысуына құқықтық негіз бар екенін түсіндірді.
Еске салсақ, 2022 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Президенті жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланады. Бұл норма президенттік өкілеттіктің қайта сайлану құқығын алып тастап, бір реттік жеті жылдық мерзімді бекіткен болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі президенттік өкілеттігін 2022 жылғы кезектен тыс сайлаудың қорытындысы бойынша атқарып келеді. Оның өкілеттік мерзімі 2029 жылдың күзіне дейін жалғасады.
Конституциялық Соттың жарияланған қаулысы жаңа Конституцияның нормаларын құқықтық тұрғыдан түсіндіруге бағытталған және конституциялық заңнаманы қолданудың бірыңғай тәжірибесін қалыптастыруды көздейді.
Фото: aqorda.kz

