Сайлау комиссияларының дайындығы пысықталды

Қарағанды қаласындағы Теміржолшылар мәдениет сарайында алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Жаңа Конституция талаптарына сәйкес ұйымдастырылған іс-шараға Қарағанды және Теміртау қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысып, сайлау науқанын өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерін талқылады.

Семинар барысында өңірдегі сайлауалды дайындық жұмыстарының барысы сараланып, барлық іс-шаралардың Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Кездесудің басты мақсаты – сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру, комиссия мүшелерінің құқықтық сауаттылығы мен кәсіби біліктілігін арттыру.

Биылғы семинардың ерекшелігі – Қарағанды мен Теміртау қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары арасында тәжірибе алмасу алаңының ұйымдастырылуы болды. Теміртау қаласының комиссия мүшелері әріптестерімен сайлау науқанын ұйымдастырудың құқықтық талаптары, дауыс беру рәсімдерін өткізу тәртібі және тәжірибеде кездесетін өзекті мәселелер бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибе алмасу комиссиялардың жұмыс тиімділігін арттырып, сайлау үдерісін заң талаптарына сай сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушылар сайлау барысындағы ашықтық, заңдылық және бейтараптық қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Қарағанды қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дархан Малдыбаевтың айтуынша, оқыту семинарлары комиссия мүшелерінің кәсіби деңгейін көтеріп, сайлау үдерісінің ашық әрі әділ өтуіне негіз қалайды.

– Осындай оқыту кездесулері комиссия мүшелерінің тәжірибесін жетілдіріп, сайлау заңнамасын бірізді қолдануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сайлау науқанының ашықтығы мен заң талаптарына сай ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді, – деді Дархан Малдыбаев.

Семинар барысында ұйымдастырушылар Құрылтайдың елдің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды шешімдер қабылдайтын өкілді орган екенін атап өтті. Осыған байланысты депутаттарды сайлау науқаны заң талаптарына толық сәйкес, жария, әділ әрі ашық өтуі тиіс екені айтылды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар алдағы сайлау науқанына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын және комиссия мүшелерінің сайлауды заң талаптарына сай ұйымдастыруға толық әзір екенін жеткізді. Семинардың қорытындысы сайлау комиссиялары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, сайлау процесін кәсіби деңгейде ұйымдастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»