Интернет – алаяқтар көбейіп келеді
2021 жылдың он айында Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық фактілерінің саны 17,8 мыңды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есеге көп. Интернеталаяқтықтар НұрСұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында көбірек тіркелген.
Кибер-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері – интернет-хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем не толық төлем алу (8,2 мың факт), микрокредиттік ұйымдардың сайттарында жалған онлайнқарыз ресімдеу (2,7 мың), банктердің қауіпсіздік қызметтерінің атынан қоңырау шалу арқылы банк шоттарынан ақша ұрлау (2,3 мың), түрлі жобаларға, ойындарға және т.б. тиімді ақша салуды ұсыну (1,9 мың), жалған сілтемелер жіберу арқылы жеке деректерді немесе ақшаны иелену (1,3 мың) және т.б.
Бұл ретте алаяқтар шығыс нөмірлерін қазақстандық ұялы операторлардың абоненттік нөмірлеріне ауыстыру бойынша хакерлік бағдарламаларды қолданады. Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram әлеуметтік желісінде кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Мысалы Қарағанды облысында ұсталған «онлайн-саудагер» интернеттің мүмкіндігін мүлт жібермеген. Ол интернетке «автобөлшектер сатамын» деп өтірік ақпарат таратып, соған сеніп келгендердің ақшасын алдап қалтасына салып отырған. Қазіргі таңда әккі саудагердің осындай 23 алаяқтыққа қатыстылығы анықталып отыр.
Интернет-алаяқтықпенкүресу мақсатында ІІМнің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерін кадрлық және техникалық қамтамасыз ету күшейтілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биылғы сәуір айында онлайн микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды сәйкестендірудің жаңа тәртібін енгізді – сәйкестендіру үш тәсілдің бірімен жүргізіледі, атап айтсақ: ЭЦҚ арқылы, қарыз алушының биометриялық параметрлерінің сәйкестігін салыстырып тексеру, жеке деректерді екі факторлы тексеру және нақты уақыт режимінде тұлғаның бейнесін тексеру жүйесі енгізілген. Айта кетерлік тағы бір жайт, интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені өзге елде жүрген күдіктінің немесе жәбірленушінің жеке тұлғасы мен мекенжайын анықтау үшін шет мемлекеттегі құқық қорғау органдарына сұрау салу мен тапсырмалар жіберу міндетті болып саналады. Ал бұл іс-шараның барлығы бірден шешіле қоятын оңай шаруа емес.
Алаяқтар қолданатын әлеуметтік желілер арасында Қазақстанда Telegram мессенджері алдыңғы қатарға шыққан. Соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқтардың әрекеті күшейіп кетті. Мұндай алаяқтықтың құрбандары көбейген. Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау жиі кездесетін болса, енді алаяқтар қарапайым азаматтарға да көшкен. Алаяқтық схемасы қарапайым: кез келген адаманың әлеуметтік желідегі жалған аккаунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады. Мұндай деректер әсіресе Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиілеген. Сондықтан интернет желісінде отырғанда бірқатар қарапайым қағидаттарджы есте сақтаған абзал. Олардың бірқатары:
- Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.
- Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.
- Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз.
- Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар.
- Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ, банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.
- Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық W i — F i — нүктелеріне сенбеңіз, сонымен қатар өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз.
- Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз, ал егер Сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жүгініңіз.
- Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз.
Расул МҰХАММЕД
«QH»