Театр билеті неге қымбаттады?
Өткен жылы Қазақстанда театр билеттерінің орташа бағасы 43 пайызға өсті. Бұл – ресми статистика көрсеткіші. Бағаның бұлайша көтерілуіне не себеп? Көрермен мәдениет пен өнерді қолдау үшін бұдан да жоғары ақы төлеуге дайын ба?
Бүгінде театрлар аптаның бейсенбісінен жексенбісіне дейін, сондай-ақ мереке күндері көрерменге есігін айқара ашады. Билет құны өңірге, қойылым жанры мен форматына қарай әртүрлі: ересектер үшін 500 теңгеден 12 мың теңгеге дейін барады. Өңірлермен салыстырғанда елордадағы театрларда баға жоғары.
Еліміздегі театрлардың 80 пайызы – мемлекеттік мекеме. Егер республикалық және облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы болмаса, олардың басым бөлігі өзін-өзі ақтай алмас еді.
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры басшысы Аманатай Ибраевтың айтуынша, билет құнын нақты өзіндік шығынмен есептеген жағдайда баға әлдеқайда жоғары болар еді.
«Егер билет бағасын нақты өзіндік құнмен есептесек, ол көрермен үшін тым қымбат болары анық. Әсіресе музыкалық спектакль жанрын алсақ, бір кештің өзінде сахнада 150-ге жуық маман қатар еңбек етуі мүмкін. Олардың арасында музыканттар да, техникалық және қызмет көрсетуші персонал да бар. Сол бір күнгі еңбектің ақысын ғана есептеп көрсеңіз, билет құнының қаншалықты жоғары шығатынын аңғаруға болады. Әрине, мұндай баға көрермен қалтасына сай келмес еді. Сондықтан мәдениет туралы заң бар, театрларды субсидиялау арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау да осы мақсатта қарастырылған», – дейді театр басшысы.
Әртүрлі дереккөзге сүйенсек, мемлекеттік қолдау болмаса, бір билеттің нақты құны 50-80 мың теңгеге, тіпті одан да жоғары болуы мүмкін. Мәселен, театрлар шетелдік режиссерлер мен әртістерді шақыруға мүдделі. Ал мұндай мамандардың бір ғана гонорары бірнеше миллион теңгеге жетеді. Бұған қоса инфляция, жалпы бағаның өсуі де шығын көлемін арттырып отыр.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Айжан Шәкенова бюджетке түсетін жүктеменің аз еместігін айтады.
«Бюджетке түсетін жүктеме аз емес. Орта есеппен бір театрды жалақысы, қойылымдары, гастрольдік сапарларымен қоса бір жыл бойы қаржыландыруға шамамен 1 миллиард теңге кетеді. Сондықтан кейбір шығынды театр өз мойнына алады. Яғни ғимаратты күтіп ұстау, бюджеттік қаржыдан тыс жаңа қойылымдар қою сияқты бағыттар бар», – дейді ол.
Коммуналдық төлемдер, ғимаратты күтіп-ұстау, сахналық безендіру мен реквизитке жұмсалатын шығын жыл сайын артып келеді. Сондықтан мемлекеттік қолдау болғанымен, театрлар билет бағасын кезең-кезеңімен көтеруге мәжбүр.
Статистикалық мәліметке сәйкес, 2025 жылы елдің 20 өңірінің 15-інде театр билеттері қымбаттаған. Қазақстанда бүгінде 74 театр жұмыс істейді, соның 32-сі Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Жыл сайын театрларға 3 миллионнан астам көрермен келеді. Әрбір бесінші театр – жекеменшік. Ал қалған театрларға былтыр қаңтар мен қараша аралығында мемлекеттен шамамен 80 миллиард теңге бөлінген.
Дегенмен, қарағандылықтардың пікірі әртүрлі. Бірі театр бағасы әлі де қолжетімді десе, енді бірі бағаның өсуі көрермен санын азайтуы мүмкін екенін айтады. Ал кейбірі мәдениетке жұмсалған қаражат – қоғамның рухани дамуына салынған инвестиция деп есептейді.
Қалай болғанда да, театр – тек ойын-сауық орны емес, ұлттық руханияттың тірегі. Билет бағасының өсуі – бір жағынан экономикалық қажеттілік болса, екінші жағынан өнердің шынайы құнын айқындайтын көрсеткіш. Ендігі сауал – көрермен сол құнды қаншалықты мойындап, қолдауға дайын?
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


