Қаламен құрдас қазыналы орда
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға 90 жыл. Осы бір айтулы мерекеге орай қаламызда халықаралық «ОпэнТолк Қарағанды 09» конференциясы бастау алды.
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 1934 жылы қалалық кітапхана базасында ұйымдастырылып, 1938 жылы облыстық мәртебеге ие болды. Кітапхананың қалыптасуы мен дамуы Қарағанды көмір бассейні мен Қарағанды қаласының құрылысы мен дамуымен тығыз байланысты. Гоголь атындағы кітапхана қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуында маңызды орын алады. Ол – облыстың білім беру, мәдени және ақпараттық орталығы. Кітапхана оқырмандарына 13 бөлім мен сектор қызмет көрсетеді. Жыл сайын кітапхана 22 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді, оларға 500 мыңнан астам дана құжат беріледі. Кітапхана қоры 450 мыңға тарта дананы құрайды. Сирек қолжазбалар – 2, кітап жинағы – 1 252, атлас – 1.
– Бүгінгі таңда біздің кітапхана қоры 400 мыңнан астам, оның ішінде 70 мыңнан астамы мемлекеттік тілде, кітап қорымыздың мақтанышы ретінде сирек кітаптар қорын атап өтуге болады. Сирек кітаптар қоры арнайы қорда сақталған. Сирек кітаптар арасында 18 ғасыр, 17 ғасырдың аяғында шығарылған кітаптар бар, – дейді Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Айнұр Шаймұханбетова.
90 жылдықты ауқымды деңгейде ұйымдастырып отырған Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Шараның негізгі тақырыбы – қазіргі заманғы кітапханалық қызметтің теориялық және практикалық бағыттарын талқылау, өңірлердің орталық кітапханалары мен ЖОО кітапханаларының, мұражайлар мен мұрағаттардың өзара іс-қимылы, сондай-ақ Қазақстан мен жақын және алыс шетелдердің кітапханалары жұмысының креативті әдістемелерімен және табысты тәжірибелерімен алмасу. Осы ретте Ресей және Түркия мемлекетінен, сонымен қатар республикамыздың әр аймағынан кітапхана басшылары жиналды.
– Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 90-жылдық мерейтойын тойлап жатыр. Мерейтойларыңыз құтты болсын! Міне ғылыми кітапхана қалыптастыру, тәжірибе жинақтау, даму кезеңдерінен өтіп, бүгінгі таңда елімізде жетекші кітапханаға, қоғамда өзіндік орны бар, заманауи ғылыми ақпараттық және әдістемелік орталыққа айналды. Осы кезең ішінде кітапхана ағартушылық миссиясын абыроймен атқарып жатыр. Сонымен қатар қазіргі және кейінгі ұрпақ үшін, білім мен мәдени жазба мұраны сақтап келеді, – дейді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова.
18-19 қыркүйек аралығында қаламызда осы айтулы оқиғаға арналған «Қарағанды09: еркін диалог аумағы» халықаралық OpenTalk аясында түрлі шара өткізілді. Конференция барысында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананы 90 жылдығымен арнайы құттықтаған Мәдениет және ақпарат министірлігінің мадақтама қағазы табыс етілді.
ЖҰПАР ТОНТАЙТЕГІ, «QH»