Интернет-алаяқтық

Қарағанды қалалық Орталық мәдениет және демалыс саябағында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға арналған акция өтті.

Әлеуметтік желідегі алаяқтардың кесірінен сан мыңдаған адам жапа шекті және күні бүгінгі күнге дейін шағым толастар емес. Алаяқтардың да күн өткен сайын жаңа айла-тәсілдері пайда болуда. Осының алдын алу үшін Криминалдық полиция қызметкерлері киберқылмыспен күрес жөнінде акция өткізді. Іс-шара Қарағанды қаласы Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Қылмыстық полиция қызметкерлері арнайы қабылдау бөлмесін құрды, онда қызығушылық танытқандардың барлығына алаяқтардың адам алдау тәсілдері және оған қарсы тұру әдістері туралы айтылды. Сондай-ақ парк аумағындағы полиция қызметкерлері интернеттегі қауіпсіздік ережелері бар жадынамалар таратты.

– Бүгін Қарағанды қаласында өзекті мәселеге арналған үлкен шара өткізіліп отыр. Интернет-алаяқтықтың саны күн санап артып келеді. Заңбұзушылықты болдырмау және алдын алу үшін Қарағанды полиция департаменті бірнеше профилактикалық шара өткізуде. Тұрғындар интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау үшін, біздің мамандар халыққа егжей-тегжейлі мағлұмат береді, – деп атап өтті ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Әшімов.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»