Жыландының төсінен бүркіт ұшты

Бабадан қалған бекзат өнерді дәріптегендер Жыланды тауының бөктерінде бас қосты. Көк тағыларын күтіп, баптап, тұлпарларын тақымдағандар «Сарыарқа-2021» облыстық бүркітшілер чемпионатында бақ сынасты. Дүбірлі додаға 15 спортшы қатысты.

Саят құрып, ит жүгіртіп, , қиқулатып бүркіт салып ата жолын қуғандар үшін мұндай жарыстар аса жауапты. Айта кету керек, салтын сақтаған, қыранын баптағандар үшін облыстық біріншілік Бұқар Жырау ауданы Ботақара кентінің маңында орналасқан Жыланды тауының етегінде осымен бесінші мәрте өткізілді. Бір қуантарлығы тау түлегін баптап, текті өнерді меңгерсем дегендердің саны артуда. Биыл Қарағанды облысында саятшылар федерациясының өз алдына жеке жасақталуы айтулы жаңалық. Жалпы Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерімен 42 мыңнан астам адам айналысады. Жыл сайын бұл санның көрсеткіші өсіп келеді. Мұндай жарыстар жас ұрпақты ұлтжандылықққа тәрбиелеп , бойында салтқа беріктік, тарихқа тағзым етер ізгі қасиетер қалыпстырады. Жалпы ұлттық спорт түрлерін дамыту мен қолдау патриотизм идеясымен тығыз байланысты. Бұл жолғы сайыстың Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылуы соның дәлелі болса керек. Ұлттық болмысымыздың ұлықтаған кіл мықтылар чемпионатқа сайдың тасындай іріктілген. Жалпы 7 команда, 13 бүркіт сыналды. Жарысқа Қарағанды, Шет, Ақтоғай, Жаңаарқа, Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандарынан үздік деген 15 спортшы қатысып, бүркіт, қаршыға, сұңқар аталымдары бойынша сынға түсті. Бұл жолғы сайысқа қатысушылардың ішіндегі ең жас бүркітші бала 10 жасар Нұрәділ Есенкелді. Қанаттысын жаздан бері осы жарысқа арнайы баптапты. «Әке көрген оқ жонар»- демекші, бүркіт баптауды әкесінен үйренуде. Ақбалақ деп ат қойған қыран құсы жас құсбегінің шақыруына келіп, томаға тағуына көндіге бастағаны байқалады. Түлкіден тымақ киген жас бүркітшінің бойынан өзіне деген сенімділікті аңғардым. Саятшы адам өте мықты психолог болуы керек, — дейді тәжірибелі құсбегілер. Яғни, еркіндікті сүйер қыран құсты еппен көндіктірудің өзі ерлікке пара пар. Құс баптаушылар қыранын қолына қондырар білекті ғана емес, жүректі азаматтар. Олар құстың қабағын бағып, күн райын болжап, құс ұшырар уақытты таңдай білетін талғампаз жандар. Сондай жыртқыш құстары бар спортшылар үшін бұл жолы күн райы қолайлы болды. Құсбегілер алдымен бүркітті еркін ұшырып, қолға қондырды. Одан соң құстарды аңға салу бойынша сайыс өткізілді. Жарыстың демеушісі жалпы сомасы 100 мың теңгеге сыйлықтар ұсынған Ботақара кентінің кәсіпкері болды. Номинациялар бойынша бірінші орындарды Темірәлі Төлегенұлы, Досан Заңғар және Танат Оспанқұлов иеленді. Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылы жыртқыш құстармен аң аулау ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілген болатын. Төл мәдениетіміз арқылы елімізді әлемге танытуда ұлттық спорт басты тетіктің бірі болары анық.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.