Ана – Алланың асыл қазынасы
Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан-ақ ананың ақ сүтінен нәр алып, ана құшағына еніп, мейіріміне бөленеміз. Сәбидің аузынан шығатын ең алғашқы сөзі де – «ана». Сондықтан бұл өмірде анаға тең келер ешкім жоқ.
12 мамыр күні елімізде Аналар күні аталып өтті. Мерекеге орай «Қарағанды хабары» газетінің тілшілері Құю-машина жасау зауытына барып, нәзік жандылардың жұмыс пен тұрмысты қалай үйлестіре алатынын көрді.
Жазира Қасымбекова Қарағанды құю-машина жасау зауытында 3 жылдан бері еңбек етіп келеді. Басында мұнда күзетші болып жұмыс істеген ол кейін үш айлық оқудан өтіп, CNC операторы болды. Оның міндеттеріне сандық басқарылатын машинада сызба бойынша бөлшектер жасау, сондай-ақ машинаның жұмысын бақылау кіреді. Жазира Әдебиетқызы сапалы жұмысты жақсы көреді.
– Осында жұмыс жасап жатырмыз, бастапқыда бәрі қиын болды. Уақыт өте келе бәрін үйреніп алдық. Үлкен-үлкен тапсырыстар келеді. Соларды орындап жібереміз, тапсырыстар алыс-жақын шетелдерден келеді. Мамандығым өзіме ұнайды, өкініш жоқ. Бұл жерде қызым да жұмыс істейді, қазір бала күтімімен үйде отыр. Жолдасым да осы жерде еңбек етеді, – дейді 2-разрядты ТЖК операторы Жазира Қасымбекова.
Құю-машина жасау зауытында Жазираның қызы да жұмыс істейді. 2019 жылы университет бітіргеннен кейін ол бақылаушы лауазымына кіріседі. Тағдырдың жазуымен Жазерке болашақ жұбайымен осы зауытта танысты.
– Менің қызметім бақылаушы болғандықтан, әр дүниені мұқият тексеріп қабылдап аламын. Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді. Ананың мейірімділігінде шек жоқ. Анамды бір зауытта көрген сайын сенімді жүремін, әкем мен жұбайым қасымда, жұмыс барысында кездесіп жатамыз. Ананың мейірімі нұр шашып, жан-жағына шуақ төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл аналардың құшағында мейірім алып жүрген біз алтын анаға мәңгілік қарыздармыз. Аналар күні құтты болсын! – деп құттықтады бақылаушы Жазерке Мұрат.
Жазираның айтуынша, қанша қиналып, көз жасын көрсетпей өсірген анаңа қолыңнан келгеннің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу – ана алдындағы парызды өтеу. Қаншама байлық иесі болсаң да, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңның жасаған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойғы борышың. Бірақ соның бәрі анаңның бір ауыз жылы сөзіне де татымайды. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы ананың қолында. «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекерден-бекер айтылмаған.
Алдында тұрмыстық мәселелер туралы жауапты міндеттер тұрады, сол себепті Жазираның қызы мен күйеубаласы – жұмыста да, үйде де үлгілі отбасы. Олар жұмыстарының әрқашан сұраныста болатынына дән риза. Әрине, бір үйдің адамдарының бір жерде жұмыс атқаруының тек пайдасы емес, кері әсері болуы да мүмкін. Бірақ бұл жағдайда бірін-бірі қолдап, қолпаштап жүретін жандар барда қиындық орын алмайды. Ана – болашақтың кепілі, ана тәрбиесін көрген азаматтар машина жасау зауытында еңбектерінің тәтті нанын жеуде.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»