Әнмен тербелген Қарағанды
Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында дәстүрлі «Әнім саған, Қарағанды» ән байқауы өтті. Биыл өнер додасы 15-рет ұйымдастырылып, қалаға арналған әндерді насихаттайтын шығармашылық алаңға айналды.
Байқауға түрлі жанрда өнер көрсететін сегіз орындаушы қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылардың өнерін республикалық деңгейде танылған кәсіби музыканттардан құралған қазылар алқасы бағалады.
Өнер додасында Қарағандының тарихы мен тыныс-тіршілігін, қала тұрғындарының өмірін арқау еткен шығармалар орындалды. Әр орындаушы сахнада өз шеберлігін көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Ирина Прядухинаға бұйырды. Жеңімпаз арнайы марапатқа ие болса, қалған қатысушыларға естелік дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
– Бұл жеңіс мен үшін үлкен мәртебе әрі мотивация. Бірінші орын аламын деп күтпедім. Маған қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтамын. Енді бұдан да биік белестерге ұмтылуға тырысамын, – деді байқау жеңімпазы Ирина Прядухина.
15 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Әнім саған, Қарағанды» байқауы өнерпаздардың шығармашылығын шыңдап, талантты орындаушыларды көпшілікке танытуға мүмкіндік беріп келеді. Байқау барысында Қарағандыға деген сүйіспеншілік ән арқылы жеткізіліп, қаланың мәдени өміріндегі шығармашылық дәстүрдің жалғасы көрініс тапты.
Байқауды ұйымдастырушы Серік Санаубаевтың айтуынша, мұндай өнер додаларының басты мақсаты – Қарағандыға деген сүйіспеншілікті ән арқылы жеткізу және талантты орындаушыларға қолдау көрсету.
Өнер мен шығармашылықты тоғыстырған байқау осылайша көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлап, қала мәдениетін жаңа есімдермен толықтырды.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

