«Сарыарқа» көш бастады

Тұрақты чемпионаттың үшінші турында турнир кестесіндегі жағдай өзгерді. Қарағандының «Сарыарқасы» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдап, қарсыласын 9:5 есебімен жеңді. Осы нәтижеден кейін қарағандылықтар 8 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.

«Сарыарқа» алғашқы минуттардан-ақ ойын тізгінін өз қолына алды. 15-минутқа қарай есеп 3:0 болды. Руслан Дёмин дубль жасаса, Данила Карабань бір шайба соқты. Қонақтар бір голмен жауап бергенімен, екінші кезеңде Карабань тағы екі шайба енгізіп, командасының басымдығын қалпына келтірді.

Кездесудің қалған бөлігінде де алаң иелері шабуыл қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Екінші үзіліске командалар 8:3 есебімен аттанды. Үшінші кезеңде Егор Смольянинов «Сарыарқаның» тоғызыншы шайбасын соғып, жеңіс мәселесін түбегейлі шешті. «Ақтөбе» соңына дейін күресіп, тағы екі гол соққанымен, есепті өзгерте алмады.

Ойын қорытындысын «Сарыарқаның» бас бапкері Владимир Князев саралап, команданың алаңдағы басымдығын атап өтті.

«Биылғы алғашқы ойын бойынша ешқандай сұрақ жоқ, негізінен кездесу бойы тізгінді өз қолымызда ұстап, үстемдік таныттық. Бірінші кезеңде аздап ширақтық жетіспегенімен, екінші және үшінші кезеңде қарқын қосып, тиісті шайбаларымызды соқтық. Бүгін де негізінен тура сондай ойын өрнегі болды, бірақ тәртіптің төмендігі қолбайлау болып тұр, бұл бағытта әлі де жұмыс істейміз», – деді «Сарыарқа» хоккей клубының бас бапкері Владимир Князев.

Осылайша, қарағандылық команда маңызды үш ұпайға қол жеткізіп, чемпионат көшін бастады.

Енді «Сарыарқаны» тағы бір маңызды кездесу күтіп тұр. 10 және 11 қыркүйекте қарағандылықтар өз алаңында Өскеменнің «Торпедосын» қабылдайды. Бұл командалар бұған дейін Қазақстан кубогының финалында кездесіп, онда өскемендік хоккейшілер жеңіске жеткен болатын. Алдағы матчтар «Сарыарқаға» сол жолғы жеңілістің есесін қайтаруға мүмкіндік береді.