Бейбітшілікті бейнелеген монета
Қазақстан Ұлттық Банкі «World painting» халықаралық арт-жобасы шеңберінде коллекциялық монеталар шығарады. Дизайн негізіне белгілі қарағандылық суретші және халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков салған бейбітшілік көгершінінің суреті салынған. Айналысқа шыққан бұл монеталарға қызығушылық пен сұраныс көп екенін айтады Ұлттық Банк қызметкерлері.
«World painting» арт-жобасының авторы – белгілі қоғам қайраткері Дәуіт Шайхисләмов. «Әлем суретін» салу идеясы оған Дубайдағы «EXPO – 2020» көрмесінде келген. Кенепте 200-ге жуық елден келген 2 070 адам өз қылқаламының ізін қалдырған. Суреттің өлшемі 4×1, 27 м. Жобаның өзі Гиннесстің рекордтар кітабына енді, ал «Әлем суретінің» көшірмесі Халықаралық ғарыш станциясына жіберілді.
– Жоба Дубайдағы қазақстандық көрме павильонында басталды. Бұл идеяға орай суретшілер «Әлем суретін» бірлесіп салуы тиіс болды. Кенепке көптеген ұлттың қарапайым және танымал адамдары үлес қосты. Сурет Америка мен Францияда қойылды. Астанада жобаның тұсаукесері кезінде мен ойламаған жерден бейбітшілік көгершінін салдым. Бұл ойдың туындауына бейбітшілікті қалайтын көптеген адамды көргенім түрткі болды деп ойлаймын. Белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеев зәйтүн бұтағын салған. Енді, міне, бұл әдемі әрі өзекті сюжет тиын бетіне басылып шығарылды. Мен өте қуаныштымын, – деп атап өтті суретші Кәріпбек Күйіков.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»