ӨНЕРДЕ ШЕКТЕУ МЕН ШЕКАРА ЖОҚ

«Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ тәрбиеленушілері «TASHKЕNT MUSIC FESTIVAL» байқауында жүлделі орындарға ие болды.

Халықаралық сайысқа Орта Азияның түкпір-түкпірінен 500 өнерпаз қатысты. Өнерлі өрендер намысты қолдан бермеді. Байқау қорытындысында тәрбиеленушілер «Хореография» және «Вокал» номинациясынан бас жүлде мен төрт I орын иегері атанды.

– Мен «Ангелы» биін билеп жеңіп шықтым. Маған ән айтқан, би билеген ерекше ұнайды. Мұғалімнің үйреткендерін жаттап, соны орындап шықтым, – дейді тәрбиеленуші Аврора Белозерова.

«Вокал» номинациясында Данил Медведев «Ассалаумағалейкум!» әнімен және Милана Рустамова «Жақсы көремін» әнімен I орын иеленді. Өнерлі өрендер би сайысынан «Хрусталь вальс» және «Медуза» биімен I орынды жеңіп алды. Ал «Ангелы» биі бас жүлдеге ие болған.

Сапар барысында тәрбиеленушілер үшін барлық жағдай жасалды. Байқаудан бөлек балалар Ташкент қаласының көрікті жерлерін аралап саяхат жасаған. Жарқын жетістіктің өнерпаздарға мотивация бергенін айтты ән жетекшісі Индира Бұхарбаева.

– Біздің мекемемізден 6 бала қатысты. Алты баланың екеуі вокал жанрынан, төртеуі би жанрынан жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Адал еңбек пен табандап төккен тердің арқасында өнерпаздарымыз төрт бірінші орын және бас жүлдені ұтып алды.

Айта кетейік, қатысушыларға Түркияда өтетін халықаралық шығармашылық байқауға жолдама берілді.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»