Жыл ұстазы
Қаламыздағы №2 Оқушылар сарайында жыл сайынғы «Жыл мұғалімі» облыстық байқауының финалдық кезеңі өтті. Бұл байқау облыстық білім басқармасы, педагогикалық қауымдастық, білім қызметкерлері кәсіподағы және басқа да ұйымдардың белсенді қатысуымен ұйымдастырылған.
– Биыл сегізінші рет жыл мұғалімі байқауы өткізіліп отыр. Байқау заманауи технологияларды қолдана отырып, алдындағы шәкіртіне сапалы білім, саналы тәрбие беретін ұстаздарды анықтау мақсатында өткізіледі, – деді Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова.
Байқаудың мақсаты – педагогикалық мамандықтың мәртебесін арттыру, байқауға қатысушылардың педагогикалық кредосын және жеке потенциалын көрсету, сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру. Облыстық байқауға арнайы, мамандандырылған мектеп-интернаттардан, аудандық-қалалық байқау кезеңдерінен өткен жеңімпаздар қатысады.
– Бізде бұл үш кезеңнен өткізіледі, бірінші кезең аудандық-қалалық кезеңде өткізілді. Екінші кезеңде қалаға келіп, біздің озық педагогтарымыз өздері танымайтын сыныпта, сабақ ретінде тәрбие сағатын берді. Соның ішінде іріктеліп, сегіз конкурсант қатысты, және бізде осымен алтыншы рет Рамазан Төребеков атындағы грант иегері анықталып отыр, – деп қосты Бақытгүл Әбдікерова.
Ең үздіктері – яғни 9 адам финалға қатысты. Финалдық кезеңнің жеңімпаздары үшін төрт жүлделі орын анықталды: Бас жүлде, 1 орын, 2 орын және 3 орын. Сондай-ақ, қазылар алқасы төрт номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды: «Ең үздік сабақ», «Ең үздік сыныптан тыс шара», «Ең үздік үй тапсырмасы», «Көрермендердің көзайымы сыйлығы». Осы бәйгеге қатысушылардың бірі Серік Байжанатұлы. Балқаш қаласының физика пәнінің ұстазы.
– Байқаудың маңызы өте зор, ұлттың айнасы ұстаз. Ұстаздың беделін көтеру керек. Сол себепті өткізіліп жатыр, керемет кеш ұйымдастырылуда, жарқын күндеріміз көп болсын, – дейді шараға қатысушы Абай Серіков.
Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, жастарды тәрбиелеуші, олардың өмірлік бағыт-бағдарын айқындайтын адам. Ол болашақ ұрпаққа біліммен қатар, адамгершілік құндылықтарды да үйретеді. Ұстаздың еңбегі қоғамның дамуына, әрбір тұлғаның өркендеуіне елеулі үлес қосады. Ұстаздардың еңбегін бағалау, олардың мәртебесін арттыру еліміздің білім беру жүйесін жақсартуға зор ықпал етеді. Байқаудың нәтижесінде бас жүлде мен 350 000 теңге көлеміндегі сыйлықты Балқаш қаласының физика пәнінің мұғалімі Айдана Жұмаділова жеңіп алды. Бірінші орын мен 200 000 теңге ақшалай сыйлықты Бұқар жырау ауданынан Люция Тоқмаганбетова, екінші орын мен 150 000 теңге ақшалай сыйлықты Ақтоғай ауданынан Нұрсұлтан Шакиров, үшінші орын мен 100 000 теңге ақшалай сыйлықты Қарағанды қаласынан Аяжан Шаугенбай иеленді.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»