Жолдаудағы бастамалар ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашады
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Онда экономиканы нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелері кеңінен қамтылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы басым міндеттерді айқындады.
Жолдауда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру. Өйткені елдің тұрақты дамуы қабылданатын шешімдердің сапасына, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігіне және олардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру, жаңа басқару тәсілдерін меңгеру және заман талабына бейімделу ерекше маңызға ие. Себебі кез келген реформаның табысты жүзеге асуы оны іске асыратын мамандардың біліміне, тәжірибесі мен жауапкершілігіне байланысты.
Мемлекет басшысы Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне де айрықша назар аударды. Елді мекендерді дамыту, көлік-логистика жүйесін жетілдіру, энергетикалық әлеуетті нығайту және әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын арттыру – халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар. Бұл міндеттердің жүзеге асуы өңірлердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өнеркәсіпті технологиялық жаңарту, шағын және орта бизнесті қолдау, аграрлық сектордың өнімділігін арттыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де күн тәртібінен орын алды. Аталған бағыттардың барлығы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және еліміздің ұзақ мерзімді даму әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жолдаудың тағы бір маңызды бағыты – цифрлық трансформация. Президент Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру, жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және цифрлық экономиканы қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бүгінде технологиялық өзгерістер қоғам өмірінің барлық саласына әсер етуде. Сондықтан мемлекеттік басқару жүйесі де жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға және басқару үдерістерін оңтайландыруға басымдық беруі қажет.
Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттыру, деректермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру және инновациялық шешімдерді тәжірибеге енгізу маңызды рөл атқарады. Білікті мамандар ғана жаңа технологиялардың әлеуетін толық пайдаланып, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыра алады.
Бұдан бөлек, Жолдауда әлеуметтік қолдау, білім беру жүйесін жаңғырту, инвестициялық ахуалды жақсарту, қаржы және салық саясатын жетілдіру мәселелері де қамтылды. Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудың маңыздылығына тоқталып, әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыру міндетін алға қойды.
Жалпы, биылғы Жолдаудың мазмұны ел дамуының негізгі бағыттарын тұтас қамтиды. Онда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру тек орталық мемлекеттік органдардың ғана емес, жергілікті атқарушы құрылымдардың, кәсіби қауымдастықтардың және әрбір азаматтың белсенді қатысуын талап етеді.
Жолдауда көтерілген бастамалардың басты маңызы – олардың еліміздің ұзақ мерзімді дамуына бағдарлануында. Ал белгіленген міндеттерді сапалы орындау, заман талабына сай білікті мамандар даярлау және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру реформалардың нақты нәтижеге айналуының маңызды алғышарттары болып табылады.
Ел болашағы үшін қабылданған әрбір шешім нақты іспен ұштасқанда ғана өз нәтижесін береді. Сондықтан Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асыру – баршамыздан ортақ жауапкершілікті, жүйелі жұмысты және нақты нәтижеге бағытталған іс-қимылды талап ететін маңызды кезең.
Серікжан Байбосынов,
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры,
Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы.

