Кәсіпкерлікке қолдау – өңір экономикасына серпін

Отандық өндірісті дамыту, жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру және жаңа бизнес бастамаларға жол ашу – өңір экономикасын нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Қарағандыда өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы осы мақсаттағы кәсіпкерлік қолдаудың тиімді алаңына айналды. Биыл шараға 80-ге жуық кәсіпорын қатысып, өз өнімдері мен өндірістік мүмкіндіктерін көпшілікке таныстырды.

Көрмеде өнеркәсіптік жабдықтар, тұрмыстық техника, азық-түлік және халық тұтынатын өзге де тауарлар ұсынылды. Қатысушылар өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, әлеуетті серіктестермен байланыс орнатып, іскерлік ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік алды.

Іс-шара аясында өңір кәсіпорындарының жетістіктері бағаланып, үздіктер анықталды. Байқау өндірістік мақсаттағы тауарлар, халыққа арналған өнімдер және азық-түлік тауарлары бойынша үш бағытта өтті. Нәтижесінде тоғыз кәсіпорын жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды.

«Автоматические Котлы Горняк» компаниясының басшысы Данил Березин мұндай көрмелердің кәсіпорындар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Осындай көрмелер отандық өнімді кеңінен танытуға және жаңа серіктестер табуға жақсы мүмкіндік береді. Өндіріс саласындағы жетістіктерімізді көпшілікке көрсету біз үшін маңызды, – дейді ол.

Көрменің тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік бағыттағы өндіріс орындарының өнімдері де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілердің қолынан шыққан жарық шамдары, былғары аяқкиім, электр қалқан құрылғылары мен арнайы киімдер көпшілік назарына ұсынылды. Мұндай өндірістік жобалар азаматтардың еңбек дағдыларын қалыптастырып, кәсіби тәжірибе жинақтауына және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.

– Өндірістік еңбек арқылы жазасын өтеушілер жаңа мамандықтарды меңгеріп, еңбек тәжірибесін жинақтайды. Бұл олардың болашақта қоғамға бейімделуіне көмектеседі, – дейді №35 мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Эльмира Кенжебекова.

Сонымен қатар жас кәсіпкерлердің тың идеяларын қолдауға да басымдық берілді. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында ұйымдастырылған бизнес-идеялар байқауына 96 жоба ұсынылған. Сарапшылар іріктеуінен өткен төрт командаға өз жобаларын жүзеге асыруға арналған бір миллион теңгеден грант берілді.

Жас өнертапқыштардың ұсыныстары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Олардың қатарында дәрумендермен байытылған құрт өндіру, қарт адамдарға арналған серік-робот жасау және мұнай қалдықтарынан суды тазарту жүйесін әзірлеу жобалары бар.

«Ковчег» сауда-өндірістік компаниясының өкілі Иван Акельев жас буынның кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыру мен олардың бастамаларына қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.

– Жас кәсіпкерлердің тың идеялары мен ізденістерін қолдау өте маңызды. Осындай байқаулар жаңа жобалардың дамуына жол ашады, – деді ол.

Кәсіпкерлер күніне орай ұйымдастырылған шара барысында үздік салық төлеушілер, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдері мен сауда нысандарының басшылары да марапатталды. Бұдан бөлек, қатысушыларға BusinessGO цифрлық платформасы таныстырылып, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған қолдау бағдарламалары жөнінде ақпарат берілді.

Жалпы, көрме-байқау кәсіпкерлердің өзара тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестер табуына және өндірістік әлеуетін арттыруына мүмкіндік берді. Әсіресе жас кәсіпкерлерге грант бөлу, әлеуметтік бағыттағы өндірістерді таныстыру және бизнеске арналған цифрлық құралдарды насихаттау шараның ауқымын кеңейте түсті.

Мұндай бастамалар жергілікті кәсіпкерліктің дамуына ғана емес, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуына және өңір экономикасының нығаюына негіз болады. Сондықтан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мен олардың жаңа жобаларын қолдау – экономикалық өсудің маңызды алғышарты.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»