Қарағанды облысының даму көкжиегі кеңейіп келеді
Қарағанды облысы өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, экономиканы әртараптандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту бағытында жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. Өңірде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, өндіріс орындары жаңғыртылуда. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау және коммуналдық шаруашылық салаларында да бірқатар бастама қолға алынған. Мұның барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және аймақтың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Өңірдің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндалды. Ресми мәліметке сәйкес, есепті кезеңде облыс экономикасы 2,9 пайызға өсіп, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,9 пайызға артқан. Әсіресе, машина жасау саласында айтарлықтай өсім байқалып, көрсеткіш 26,2 пайызды құрады. Жалпы, тоғыз айда 4,2 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген.
Өнеркәсіп – Қарағанды облысы экономикасының негізгі тірегі. Сондықтан өңірде шикізат өндірумен қатар, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім шығару ісіне басымдық беріліп отыр. Бұл бағытта жергілікті кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінген.
Мәселен, Qarmet кәсіпорнында өндірілген болаттан QazTehna автобустарының шанақ бөлшектері жасалады. «ТЭМПО» зауытында құбыр өндірісі дамып келеді. Ал Silumin of Qazaqstan кәсіпорны негізінде алюминий кластерін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Karaganda Insulation жылу оқшаулағыш материалдар шығарады. Осындай өндірістік кооперация жергілікті шикізатты өңдеп, дайын өнім өндіру мүмкіндігін кеңейтеді.
Мемлекет басшысы өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, шикізаттық емес өнім экспортының артуын атап өтті.
– Қазір облыс экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Әсіресе, аймақтағы шикізаттық емес өнім экспорты едәуір өскенін атап өту керек. Ауыр өнеркәсіп саласында жалпы құны 4,2 триллион теңге болатын өнім өндірілді. Бұл – шын мәнінде, зор жетістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өңірдің ұзақ мерзімді дамуында инвестициялық жобалардың орны ерекше. 2032 жылға дейін жалпы құны 7 трлн теңге болатын 186 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың нәтижесінде 36 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Инвестициялық портфельге жаңа өндіріс орындарын құру, шикізатты қайта өңдеу, минералдық-шикізат базасын нығайту және отандық әрі шетелдік инвесторларды тарту бағытындағы бастамалар енгізілген.
Жаңа жобалардың іске асуы өңірдегі еңбек нарығына да оң ықпал етуі мүмкін. Өндіріс орындарының кеңеюі білікті мамандарға сұранысты арттырып, жастардың техникалық және инженерлік мамандықтарға қызығушылығын күшейтеді. Сонымен бірге шағын және орта бизнес үшін жаңа серіктестік мүмкіндіктері қалыптасады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту да облыстың экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі. Биыл салада 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ауыл шаруашылығында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, өнім өсіру мен сақтаудың заманауи технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Осакаров ауданында заманауи сүт-тауар фермасын іске қосу көзделген. Жобаның толық қуатында жұмыс істеуі келесі жылдан бастап облыстың сүтке деген ішкі қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жергілікті өнімнің үлесін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыруда тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымның маңызы зор. Соңғы үш жылда Қарағанды облысында 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар баспана кезегінде тұрған азаматтарға 2,5 мыңға жуық пәтер табысталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Білім беру саласында жаңа мектептер салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өңірде 13 мектептің құрылысы аяқталған, оның 10-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Бұдан бөлек, 29 білім беру ұйымы жаңғыртудан өтті. Қазір тағы үш мектеп пен бес балабақшаның құрылысы басталған. Сондай-ақ Шығармашылықты дамыту орталығы мен оңалту орталығын салу жоспарланған.
Мұндай жобалар білім беру орындарындағы орын тапшылығын азайтуға, балалардың қабілетін дамытуға және ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласында да ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға басымдық берілген. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 92 медициналық нысан салынған. Ал 117 медициналық ұйымға телемедицина қызметі енгізіліп, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға қашықтан кеңес алу мүмкіндігі жасалған. Бұған қоса, жедел жәрдем автопаркіне 113 жаңа көлік қосылды.
Спорт пен мәдениет салаларындағы инфрақұрылымдық жобалар да өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосады. Қарағанды қаласында 3,5 мың көрерменге арналған футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр. Жобаға негізгі серіктес ретінде Freedom компаниясы қатысуда. Сонымен қатар УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сәйкес келетін, 15 мың орындық жаңа стадион салу жоспарланған. Бұл спортшылардың кәсіби даярлығына және тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік беретін нысандар қатарын толықтырмақ.
Мәдениет саласында конгресс-холл салу және алты нысанды жаңғырту көзделген. Мұндай бастамалар өңірдің мәдени өмірін жандандырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Қалалық ортаны жақсарту мен елді мекендерді абаттандыру жұмыстары да жалғасуда. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қарағанды қаласында серуендеуге және велосипед тебуге арналған жолдары бар екі экопарк салынып жатыр. Қоғамдық кеңістіктерді жаңарту мен дамытуға Урбанистика орталығы да атсалысуда. Бұл жобалар қаланың экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындарға демалыс пен серуендеуге арналған жаңа орындар ұсынуға мүмкіндік береді.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту да күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Облыс бойынша 570 шақырым инженерлік желі жөндеуден өткен. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2027 жылға қарай 58 мыңнан астам тұрғынды табиғи газға қосу жоспарланған. Бұл тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға және инженерлік инфрақұрылымның сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, Қарағанды облысының даму жоспарлары экономиканың бірнеше саласын қатар қамтиды. Өнеркәсіптік өндірісті кеңейту, ауыл шаруашылығын қолдау, инвестиция тарту және әлеуметтік нысандарды жаңарту бір-бірімен тығыз байланысты. Әсіресе, жаңа кәсіпорындардың ашылуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асуы халықты жұмыспен қамтуға, ал әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Болжам бойынша, 2026 жылдың қорытындысында облыс экономикасының өсімі 4 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Алдағы кезеңдегі басты міндет – жоспарланған жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру, өндірістік әлеуетті арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен экономикалық көрсеткіштердің халықтың күнделікті тұрмысындағы нақты оң өзгерістермен ұштасуына байланысты.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

