Тауар сапасы мен қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

  Қарағанды облысында сауда саласындағы тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне, өлшем бірлігін қамтамасыз етуге және асыл тастар айналымына қатысты мемлекеттік бақылау жұмыстары күшейтілді. Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті биылғы жылдың қорытындысын шығарып, атқарылған жұмыстар мен анықталған заңбұзушылықтар туралы мәлімет берді.

Есепті кезеңде департамент мамандары 229 бақылау іс-шарасын өткізген. Ал қашықтан жүргізілген тексерулер саны өткен жылғы 194 көрсеткіштен биыл 167-ге дейін төмендеп, 13,9 пайызға азайған. Сонымен қатар бақылау мақсатында сатып алу шараларының саны артты. Егер 2025 жылы мұндай тексерулер жеті рет жүргізілсе, 2026 жылы олардың саны 13-ке жеткен. Барлық бақылау сатып алуының нәтижесі оң болған. Бұдан бөлек, департамент прокуратура органдарымен бірлесіп 26 тексеру өткізген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 14 болған. Ал жоспардан тыс тексерулер саны сегізден 14-ке дейін өскен.

— Биыл бақылау сатып алуларының саны 13-ке жетті. Сондай-ақ прокуратура органдарымен бірлескен тексерулер де артты. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – сауда саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, -деді мемлекеттік инспектор Нұрбол Қызылов.

Мамандар дүкендерден тауарларды бақылау мақсатында сатып алып, сараптамаға жіберген. Сонымен қатар прокуратурамен бірлесіп бірқатар рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде құқық бұзған кәсіпкерлерге үш миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, талаптарға сәйкес келмейтін 224 сертификат пен құжаттың күші жойылды. Департамент өкілдерінің айтуынша, жиі кездесетін заңбұзушылықтардың бірі – өлшеу құралдарын уақытылы тексеруден өткізбеу. Атап айтқанда, сауда орындарындағы таразылар мен өзге де өлшеу құрылғыларының жарамдылық мерзіміне және құжаттарының заңдылығына жеткілікті көңіл бөлінбейді.

— Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлерді айыппұлға тарту емес, заңбұзушылықтардың алдын алу. Сондықтан әр тексеру барысында кәсіпкерлерге заң талаптары түсіндіріліп, қажетті кеңестер беріледі, -дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Бисембаев.

Департамент мамандары кәсіпкерлерді тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Әсіресе сертификаттар мен өзге де құжаттардың жарамдылық мерзімін бақылап, таразылар мен өлшеу құралдарын белгіленген уақытта тексеруден өткізу қажет. Осылайша, мемлекеттік бақылаудың басты міндеті – тұтынушылардың құқығын қорғау, саудадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кәсіпкерлер арасында заң талаптарының сақталу мәдениетін қалыптастыру. Кәсіпкерлер туындаған сұрақтар бойынша Қарағанды қаласы, Анжерская көшесі, 22/2 мекенжайына жүгіне алады.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»