Болашақ сарбаздар арнайы даярлықтан өтті
Қарағанды қаласында әскери-техникалық мамандарды даярлау бойынша үш айлық оқу курсын аяқтаған жас азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Оқу қорытындысы бойынша Қазақстанның төрт облысынан келген 55 шақырылушы арнайы даярлықтан өтіп, жүргізуші куәліктеріне ие болды.
Іс-шара «ҚР ҚМ ӘТМ» РМҚК Қарағанды филиалында ұйымдастырылды. Үш ай бойы теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды меңгерген жастар В, С және С1 санаттары бойынша жүргізуші куәлігін алды. Бұл олардың алдағы әскери қызметінде қажетті кәсіби машықтарын қолдануына мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарының әскери сала мамандары, Әлихан Бөкейхан ауданының Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері ұйымының мүшелері, Кеңес Одағының Батыры М.Мамыраевтың қызы Клара Мартбековна, сондай-ақ жас сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Жиын барысында оқу курсын аяқтаған түлектерге ақжолтай тілектер айтылып, алдағы әскери қызметтеріне сәттілік тілінді. Қатысушылар мұндай даярлықтың жас азаматтардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, әскери міндеттерді орындауға қажетті жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Айта кетейік, әскери-техникалық даярлық курстары жастардың арнайы мамандықтарды меңгеруіне және Отан алдындағы борышын өтеу кезінде алған білімін тиімді пайдалануына жол ашады. Үш айлық оқуды тәмамдаған 55 түлек енді әскери қызметтің келесі кезеңіне аттанады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

