Жолдағы жауапкершілік күшейеді

25 тамыздан бастап Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Жаңа талаптарға сәйкес жүргізушілердің денсаулық жағдайын бақылау күшейтіліп, жол ережесін өрескел бұзған азаматтарға қатысты жауапкершілік те қатаңдайды. Енгізіліп отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Жаңа нормалардың ең көп талқыланып отырған тұсы – 65 жастан асқан жүргізушілерге қатысты талаптар. Енді бұл санаттағы азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Медициналық куәландыру туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде тексеріледі. Егер жарамды медициналық қорытынды базаға енгізілмесе, жүргізуші куәлігінің күші автоматты түрде уақытша тоқтатылады. Медициналық тексеруден өткеннен кейін ғана жүргізушінің көлік басқару құқығы қайта қалпына келеді.

Мамандардың айтуынша, бұл талап жаңа емес. Міндетті медициналық тексеру туралы норма «Жол жүрісі туралы» заңда бұрыннан бар. Алайда осы уақытқа дейін оның орындалуы толық бақылауға алынбаған. Енді цифрлық жүйелердің ықпалдастырылуы нәтижесінде талаптың орындалуы автоматты түрде қадағаланады.

Жаңашылдық қоғамда түрлі пікір туғызды. Бірқатар азамат мұндай бақылау жол қауіпсіздігін арттырады деп есептесе, енді бірі егде жастағы жүргізушілерге қосымша әкімшілік ауыртпалық түсетінін айтады.

Қарағандылық Вероника Журавлёва – көлік тізгіндегеніне 45 жыл болған тәжірибелі жүргізуші. Биыл 81 жасқа толған ол әлі күнге дейін белсенді өмір салтын ұстанады. Оның айтуынша, денсаулықты тексеруге қарсы емес, алайда талаптың жас ерекшелігіне ғана негізделуі әділетті болуы тиіс.

– Медициналық комиссиядан өтуге қарсылығым жоқ. Денсаулықты бақылау қажет шығар. Бірақ мәселе адамның жасында ғана болмауы керек деп ойлаймын. Жас ерекшелігіне байланысты жол-көлік оқиғаларының нақты статистикасы болса, оны да ескеру қажет. Ең бастысы – жүргізушінің денсаулығы мен көлік басқару қабілеті, – дейді ол.

Вероника Журавлёваны алаңдататын тағы бір мәселе – ақпараттық жүйелердегі техникалық ақаулар.

– Егде жастағы адамдар түрлі себеппен медициналық тексеруден кешігіп қалуы немесе құжаттарының базаға уақытында енгізілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігінің автоматты түрде тоқтатылуы қиындық тудыруы ықтимал. Сондықтан жүйе барынша ашық әрі түсінікті болуы қажет, – дейді зейнеткер.

Жүргізушіге арналған №073/у медициналық анықтамасын алу үшін терапевт, офтальмолог, оториноларинголог және психиатр-наркологтың тексеруінен өту қажет. Осыған байланысты қоғамдық кеңес мүшесі Василий Климаков жаңа талаптарды кезең-кезеңімен енгізу тиімдірек болар еді деген пікірде.

– Көптеген зейнеткер кәсіби жүргізуші емес, олар көлікті тек жеке қажеттілігі үшін пайдаланады. Сондықтан қандай да бір шектеу енгізілсе, алдымен бірнеше рет ескерту беру тетігін қарастыру қажет. Ақпараттық жүйеде техникалық қателік болуы да мүмкін. Осындай жағдайлар азаматтардың құқықтарына әсер етпеуі тиіс, – дейді ол.

Ал қоғам белсендісі Руслан Ахмадулин медициналық тексерудің өзі қалыпты тәжірибе екенін айтады.

– Жүргізуші көлік тізгініне отырғанда өз өміріне ғана емес, өзгелердің қауіпсіздігіне де жауап береді. Сондықтан денсаулық жағдайын жүйелі түрде тексеріп отырғанның еш артықшылығы жоқ, – дейді қоғам белсендісі.

Бұл пікірді жүргізуші Вячеслав Пак та қолдайды. Ол денсаулық жағдайының жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін өмірден алынған мысалмен түсіндіреді.

– Менің танысым жолаушылар тасымалдап келе жатқанда өзін жайсыз сезініп, көлікті тоқтатуға үлгерді. Өкінішке қарай, жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Сондықтан денсаулықты бақылау – әр жүргізушінің өз қауіпсіздігі ғана емес, жолаушылардың да амандығы үшін қажет, – дейді ол.

Өзінің айтуынша, медициналық тексеруден өтуден қорықпайды.

– Көру қабілетім жақсы, естуім қалыпты, денсаулығым көлік басқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан медициналық тексерудің зияны жоқ деп есептеймін, – дейді жүргізуші.

Жаңа талаптар тек медициналық бақылаумен шектелмейді. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілер енді заңда көзделген жағдайларда теориялық емтиханды қайта тапсырады. Егер азамат дәлелді себепсіз екі ай ішінде емтиханға келмесе, оның жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылады.

Сонымен қатар мас күйінде көлік басқарғандарға қатысты жауапкершілік бұрынғыдай қатаң сақталады. Қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған күннің өзінде жүргізуші сегіз жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар осы мерзім аяқталғанға дейін оны алғаш рет рәсімдей алмайды.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, барлық өзгеріс жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

– Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту. Жүргізушілердің денсаулық жағдайын бақылау және жол ережесін өрескел бұзған азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың маңызды тетігі. Жаңа талапқа жататын азаматтарға медициналық тексеруден өтуді кейінге қалдырмауға кеңес береміз. Сондай-ақ барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз қауіпсіздігіне де, өзге жол пайдаланушыларының өміріне де жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – деді ол.

Мамандар жаңа өзгерістердің мақсаты жүргізушілерді жазалау емес, қауіптің алдын алу екенін атап өтеді. Себебі жолдағы әрбір шешім адамның өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан жүргізушілердің денсаулық жағдайын жүйелі бақылау, цифрлық бақылау тетіктерін енгізу және жол қозғалысы ережесін бұзғандарға қойылатын талаптарды күшейту жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады. Ең бастысы – жаңа талаптар азаматтарға алдын ала түсіндіріліп, ақпараттық жүйелердің мінсіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілсе, олардың тиімділігі де жоғары болмақ.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»