Қарағанды қаласының аумағы кеңейеді
Қазақстан Республикасы Үкіметі Қарағанды қаласының әкімшілік шекарасын өзгерту туралы қаулыны мақұлдады. Қабылданған шешімге сәйкес облыс орталығының құрамына Бұқар жырау ауданынан жалпы көлемі 281 гектар жер учаскесі беріледі.
Әкімшілік шекараның өзгеруі Көкпекті стансасының тұрғындары көтеріп жүрген мәселенің оң шешімін табуына мүмкіндік берді. Бұған дейін елді мекендегі тұрғын үйлер Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы ауданының қарамағында болғанымен, қалған жер аумағы Бұқар жырау ауданына тиесілі еді. Соның салдарынан бір елді мекен екі әкімшілік аумаққа бөлініп, инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтерді ұйымдастыруда бірқатар қиындықтар туындаған.
Қазіргі уақытта Көкпекті стансасында 500-ге жуық адам тұрады. Елді мекенде 120 тұрғын үй мен мектеп жұмыс істейді. Тұрғындар бірнеше жылдан бері Көкпекті стансасын толықтай Қарағанды қаласының қарамағына беру жөнінде өтініш айтып келген.
Мамандардың айтуынша, әкімшілік шекараны қайта белгілеу қаланың аумақтық дамуын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инженерлік желілерді жаңғырту, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, жаңа құрылыс жобаларын жүзеге асыру жұмыстары да жүйелі жүргізіледі.
Қала аумағының кеңеюі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді. Бұл шешім жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және елді мекенді кешенді дамытуға жол ашады.
Осылайша, қабылданған шешім Көкпекті стансасының тұрғындары көтеріп келген мәселені шешіп қана қоймай, Қарағанды қаласының алдағы даму жоспарын тиімді жүзеге асыруға негіз болады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

