Зейнетақы жинақтары қорғала береді

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік сақталады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі жылдан бастап зейнетақы қаражатына қатысты өзгерістер тек өтемақы төлеу тетігіне әсер ететінін түсіндірді.

 

Министрлік мәліметінше, азаматтардың зейнетақы жинақтары бұрынғыдай Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес қорғалады. Мемлекет қазақстандықтардың зейнетақы қаражатының сақталуына кепілдік беруді жалғастырады.

Өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытуға байланысты енгізіліп отыр. Қазір азаматтар өз жинақтарының 100 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін бұл мүмкіндік 50 пайызбен шектелген еді.

Жаңа тәртіп салымшыларға өз активтерін басқаруға көбірек мүмкіндік береді. Азамат басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және өзіне қолайлы тәуекел деңгейін таңдай алады.

Мамандардың айтуынша, бұл қадам азаматтардың зейнетақы жинақтарына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге мемлекет тарапынан негізгі кепілдік сақталып, жинақтардың қауіпсіздігі заңмен қамтамасыз етіледі.

Яғни енгізілетін өзгерістер зейнетақы қаражатын қорғау жүйесін әлсірету емес, керісінше азаматтардың жинақтарын басқару мүмкіндігін кеңейтуге арналған.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»