Жалған уәдеге ермейік: пәтер алаяқтығынан сақ болыңыз!

Жеңілдетілген баспана алып беремін деген жалған уәдеге сенген азаматтар миллиондаған теңгесінен айырылды. Қарағандыда тұрғындарды арзан пәтермен қамтамасыз етемін деп сендірген әйелге қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Қазіргі таңда қылмыстық іс аясында 20 жәбірленуші анықталған, ал келтірілген шығын көлемі 100 миллион теңгеден асып отыр.

Бұл дерек азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен қаржылық қауіпсіздігінің маңызын тағы бір мәрте көрсетеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдары мұндай қылмыстардың жолын кесіп, тұрғындардың мүлкін қорғауға бағытталған жұмыстарды күшейтіп келеді.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 44 жастағы қала тұрғыны азаматтарға әкімдік арқылы жеңілдетілген бағдарлама негізінде пәтер алып беруге көмектесетінін айтқан. Ол тұрғындардың сеніміне кіріп, пәтердің орналасқан жері мен көлеміне қарай 4 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін қаражат алған. Кей азаматтар ақшаны қолхат арқылы берсе, енді бірі ауызша келісімге сенген. Алайда уәде етілген баспана ешкімге берілмеген.

Бір ай ішінде полицияға 20 адам арызданған. Дегенмен тәртіп сақшылары алданған азаматтардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан құқық қорғау органдары осы іске қатысты өзге де жәбірленушілерді анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

Қарағанды қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Саят Сатановтың айтуынша, күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

– Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Жиналған дәлелдерге құқықтық баға беріліп, іс заң талаптарына сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болады. Тергеу барысында алаяқтық әрекеттерден зардап шеккен азаматтарды анықтау жұмыстары да жүргізіліп жатыр, – деді Саят Сатанов.

Алғашқы арыздар түскеннен кейін күдікті ұсталып, оған электронды бақылау құралы тағылып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Тергеу барысында күдіктінің көрсетпелері бірнеше рет өзгерген. Бастапқыда ол өз әрекеттеріне басқа тұлғаның қатысы бар екенін айтқан. Кейін істі бірге жасаған адам туралы мәлімет берген. Алайда аталған азамат өз кінәсін мойындамай отыр. Полиция өкілдерінің пікірінше, мұндай әрекет қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатындағы тәсіл болуы мүмкін.

– Тергеу кезінде күдіктінің ұстанымы өзгерді. Алғашында ол үшінші тұлғаға сілтеме жасағанымен, кейін басқа адамның қатысы бар екенін айтты. Қазіргі уақытта бұл деректер жан-жақты тексеріліп жатыр. Әр адамның әрекетіне заң аясында тиісті баға беріледі, – деді полиция өкілі.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, алаяқтық істерде күдіктілердің жәбірленушілерге «ақшаны қайтарамын» деп уәде беруі жиі кездеседі. Мұндай әрекет кей жағдайда азаматтардың арыздануын тоқтатуға немесе қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуге бағытталған болуы мүмкін.

Мамандар тұрғындарға кез келген жылжымайтын мүлік мәмілесінде сақтық танытуға кеңес береді. Әсіресе мемлекеттік бағдарлама, жеңілдетілген несие немесе арзан баспана ұсынатын тұлғалардың сөзіне бірден сенбей, барлық құжаттарды мұқият тексеру қажет. Ақша аудармас бұрын келісімшарттың заңдылығын анықтап, ресми органдар арқылы ақпарат алған жөн.

Қазіргі уақытта істі Терешкова көшесінде орналасқан бұрынғы Орталық, қазіргі Қазыбек би атындағы полиция бөлімі тергеп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша барлық кінәлі тұлғаларға заң аясында құқықтық баға берілмек.

Баспана мәселесі – азаматтар үшін ең өзекті тақырыптардың бірі. Сондықтан осы саладағы кез келген заңсыз әрекетке жол бермеу, алаяқтық фактілерін дер кезінде анықтау және тұрғындардың құқықтарын қорғау – «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»