Ұлттық жадыны жаңғыртқан бастама

Жыл сайын 27 шілдеде елімізде Ата-баба күні аталып өтеді. Бұл – қазақ халқының азаттығы мен мемлекеттілігі жолында күрескен батырлар мен билерді, хандар мен тарихи қайраткерлерді ұлықтап, олардың өмір жолы мен мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға арналған тағылымды күн.

Атаулы күн алғаш рет 2019 жылы Қарағанды қаласында жарық көрген «Қазақ күнтізбесінде» белгіленген. «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясы аясында жарық көрген бұл жоба ұлттық тарихты жүйелеуге, тарихи сананы нығайтуға және ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

Биыл Ата-баба күні аясында қазақ тарихында ерекше орны бар бірқатар тұлғалардың мерейтойлары аталып өтуде. Атап айтқанда, Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына – 335 жыл, Наурызбай батырдың туғанына – 320 жыл, Сартай батырдың туғанына – 315 жыл толып отыр. Сонымен қатар Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне – 190 жыл. Жалпы, 2026 жылғы ұлттық күнтізбеде халқымыздың тарихымен тығыз байланысты 20-дан астам мерейтойлық дата қамтылған.

Мамандардың айтуынша, тарихи тұлғалардың мерейтойларын кеңінен насихаттау – ұлттың тарихи жадын сақтаудың және жас ұрпақтың ел тарихына қызығушылығын арттырудың маңызды тетігі. Себебі әрбір тарихи тұлғаның тағдыры – ел тәуелсіздігі мен жер тұтастығы жолындағы күрестің жарқын үлгісі.

Қазіргі уақытта осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – 2027 жылға арналған Қазақ ұлттық күнтізбесін әзірлеу жұмыстары. Жаңа басылымға қазақ тарихында ерекше орны бар 250-ге жуық тарихи тұлғаның есімін енгізу жоспарланған. Сонымен қатар олардың өмірі мен қызметі туралы тың деректер жинақталып, бейнелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жоба аясында заманауи технологиялардың мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылуда. Жасанды интеллект көмегімен архивтік қара-ақ фотосуреттер өңделіп, түрлі түсті форматқа көшірілуде. Бұл тарихи тұлғалардың бейнесін бүгінгі ұрпаққа барынша шынайы жеткізіп, олардың өмір жолын жаңа қырынан таныстыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда 100-ге жуық тарихи тұлғаның портреті әзірленген. Сонымен қатар тарихи қайраткерлердің арнайы галереясын жасақтау жұмыстары жалғасуда. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, болашақ көрменің экспозициясы бүгінде 90 пайызға дайын, ал оны күз мезгілінде көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр.

Қазақ ұлттық күнтізбесінің авторы Нұржан Сұршаұлының айтуынша, жобаның басты мақсаты – тарихи тұлғалардың есімін жаңғыртып қана қоймай, олардың өнегелі өмірін жас ұрпаққа кеңінен таныстыру.

– Ата-баба күнінің негізгі мәні – халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың есімін ұлықтап, олардың ерлігі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Өткенін таныған халық қана болашағын нық қалыптастыра алады. Қазір 2027 жылға арналған Қазақ ұлттық күнтізбесін әзірлеп жатырмыз. Онда 250-ге жуық тарихи тұлға қамтылады. Сонымен бірге жасанды интеллект технологияларының көмегімен тарихи тұлғалардың бейнелерін қалпына келтіріп, күзде арнайы көрме ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұржан Сұршаұлы.

Бүгінде тарихи мұраны заманауи тәсілдер арқылы насихаттау – уақыт талабы. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдалану ұлттық құндылықтарды жаңа буынға түсінікті әрі тартымды форматта жеткізуге жол ашып отыр. Ал мұндай бастамалар ел тарихын зерделеуге, тарихи сананы нығайтуға және ұлттық бірегейлікті сақтауға қызмет етеді.

чЖұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»