ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАН ЖЕЛАЯҚТАР
Жас және егде жастағы спортшылар, әуесқойлар мен кәсіпқойлар, Қарағандыдан және Қазақстанның басқа өңірлерінен жиналған жүгірушілер Qaragandy Half Marathon стартына 28 мамырда 3 256 адам боп шықты.
Ең ұзақ қашықтықты (21 шақырым 97,5 метр) 143 жүгіруші жүгірді, ал 50 ерекше бала өздерін 2 шақырым қашықтықта сынап көрді.
Биылғы жылы спорттық-бұқаралық іс-шара толығымен өзгертілді. Аты ғана емес (бұрын – Armanǵa jol), логотипі мен жабдықтары, сонымен қатар тіркеу кезіндегі тәсіл, тіпті өткізу орны да өзгерді.
Жартылай марафон «Қарағанды Арена» мұз сарайы ауданында өтті. Таңертеңнен бастап мұнда жүгірушілер мен жанкүйерлер жиналды.
Ұйымдастырушылар, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, бірнеше қашықтықты дайындады.
Ең ұзағы 21 км 97,5 м (18 жастан асқандарға), сәл қысқалауы 10 км (18 жастан асқандарға), 5 км (15 жастан асқандарға) және 2 км (9 жастан 14 жасқа дейінгілерге).
Жартылай марафонға еліміздің жеңіл атлетикадан ұлттық құрама командасының бас бапкері Дмитрий Карповтың балалары осымен бірнеше рет қатысып отыр.
– Жартылай марафон бесінші рет өткізілуде. Бүгін біз бастапқы орынға, яғни Оңтүстік-Шығысқа оралдық. Бүгінгі іс-шара бәріне ұнайды, жас спортшылар қуана қатысуда. Бүгін менің қызым балалар жарысында жүгіреді, ұлым 10 км-ді таңдады. Көрермендер спорттық рухқа бет бұрып, келесі жолы жартылай марафонға қатысады деп үміттенемін, – деді Дмитрий Карпов.
Алғаш рет жартылай марафонға Азия және Қазақстан чемпионы Владислав Власов қатысуға шешім қабылдады. Спортшы 5 км қашықтықты таңдады.
– Мен өзімді сынап көргім келді. Алған әсерім зор. Мереке жүз пайыз сәтті өтті. Біз бір команда ретінде жүгірдік, ал спорттық рух бүкіл қашықтықта сақталды, – деп бөлісті Владислав.
Биыл жарыстың жаңа түрі – «Экиден» жарысы енгізілді. Бұл – 21 км 97,5 м қашықтықта алты қатысушыға арналған командалық эстафета. Бірінші орынды «Karaganda Orienteering» командасы жеңіп алды.
– Біздің команданың қатысушылары спорттық бағдарлаумен айналысады. Жартылай марафон туралы білген соң жүгіруге бекіндік, – дейді команда жаттықтырушысы Жанболат Дәуіт. – Алдымен біз ең мықты үштікте жүрдік. Жеңісті соңында ғана жұлып алдық. Нәтижеге өте ризамыз. Біз тағы да қатысамыз.
Әйелдер арасындағы ең ұзақ қашықтықта бірінші орынды қостанайлық Татьяна Нерознак иеленді, ал ерлер арасында өскемендік Әмір Байтуқанов жеңімпаз атанды.
– Өткен жылы мен Қарағандыда 21 км қашықтықта жеңіске жеттім. Бірақ биылғы және өткен жылғы жолдар әр түрлі. Ол кезде мен Қарағандыға қазан айында келдім, суық болды. Қазір күн жылы, басқа орын. Бір нәрсе ғана өзгеріссіз қалған: ұйымдастыру деңгейі әрқашан жоғары. Бізде осындай жартылай марафондар болғанына өте қуаныштымыз. Бұл – жақсы тәжірибе. Мен міндетті түрде тағы келемін, – деді Татьяна.
Әр қашықтықта жүгірген желаяқтар медальдармен және сертификаттармен, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша