Жадымда қалған жарқын бейне

Мектеп… Ұстаз… Оқушы… Қоңырау үні енді біздер үшін соғылмайды. Өткенге үңіліп, білім теңізіне ең алғаш жүзуге шыққан мектеп атты кемедегі жол бастаушы жарқын бейне Жұмажанова Айгүл Қалиясқарова ұстазым туралы сырлы қаламым сыр шертпекші. Бірақ бір қызығы  ұстазымыздың толық аты-жөні Жұмажанова  Айгүл Қалиясқарқызы болса да  ұстазымызды Марал ұстаз деп атайтынбыз. Оның себебін өзім де әлі күнге дейін білмейді екенмін. Мектептегі барлық ұстаздар да Марал ұстаз деп атайтын.

Қәзіргі таңда өзімде ұстазбын, осы жолда менің үлгі тұтып еліктейтін адамым да осы Айгүл ұстазым. Айгүл ұстаз білгенін бөлісуден ерінбейтін еңбекқор, үйретуден жалықпайтын сондай бір сабырлы жан болатын. Бізге әр сабағы сайын қосымша кітаптар,журналдар, суреттер, тарихи қиындылар алып келіп, жымиған кейпінде бар ынтасымен оқып, әдеби тілмен баяндап беретін. Әрдайым жымиып отыратындықтан ашуланғанын байқамайтындамыз. Сабақ болған соң оқушылардың ішінде сабақ тығдағысы келмей отырған оқушы болса салмақты ойды астарлы әзілмен әкеліп өз ұятын өзі тиятындай қылатын. Алайда сұсты жүзінен гөрі мейірімі басым болатын.

Ұстазымның шәкірт бойындағы білім деңгейін бағамдау қабілеті басым болатын.Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болғандықтан тілге шешен, талабы бар шәкірттерді тез байқайтын. Айгүл ұстаз әрбір қазақ баласының өз ойын еркін жеткізіп, өз ұстанымдарын қорғай алатын азамат болуын іштен қалап, өзі де шәкіртерінің сондай болуына жетелейтін. Оқушының дарынының ашылуы ұстазға тікелей байланысты. Менің  қазақ әдебиетіне деген ерекше қызығушылығымды байқап, бойымдағы жазушылық, ақындық , ғылыми ізденушілік қабілеттерді дамытуға үлкен еңбегі сіңді. Түрлі аудандық, қалалық, обылыстық жарыстарға барып ұстазымның жетекшілігі арқасында жүлделі орындарға ие болдым. Сол кездер қызық еді… Қазір оқуымды аяқтап әр түрлі дәрежедегі білімді меңгеріп мектептен ұстаз ретінде өз орнымды тауып отырмын. Бірақ әліде де мен ұстазым үшін шәкіртпін. Өз оқыған ауылыма барып демалған сәттерімде ұстазымның жағдайын сұрауға барғанда мектепте болсын, мерекелік шараларда болсын ұстаздың жанынан жас оқушылар,кейде мектеп бітірген түлектер  бар ықыластарымен өзара әңгімелерін айтып жататын. Сол кезде мен таңырқай ұстазыма неге осы әрдайым үлкен болсын, кіші болсын оқушылар басқа ұстаздардың емес сіздің жаныңыздан шықпайды деп таңырқай сұрайтынмын. Сол кезде ұстазым маған қарап жымиятын. Бір сәтке ойланып қарасам сол Айгүл ұстазымның шәкірттеріне деген шынайы ұстаздық меірімі, жылы жүзі, сүйіспеншілікпен қараған жымиысы оқушыларды өзіне баурап тұратын. Білім ұясынан қанаты қатайып, құс болып ұшып кеткен мектеп түлектері ауылын сағынып келген сайын  ұстазымыз оларды өзіне сағынышты үнімен, шырайлы жылы жүзңмен өзіне үйіріп алатын.Дәл осы бар мейіріммен, сағынышпен  жымиған ұстазымның бейнесі менің неге? деген сұрағыма тілсіз жауап беріп тұрғандай. Осы жымиған жарқын бейне әрдайым жадымда сақталып қалған.

Айсауле Мақсұт