Ұлт ұстазының еңбегі насихатталды

Қазақ халқының көрнекті ағартушысы әрі педагогі Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойына орай Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасында республикалық деңгейдегі ғылыми-теориялық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара барысында ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері ағартушының рухани мұрасы мен қазақ білім беру саласына қосқан үлесін кеңінен талқылады.

Дөңгелек үстелге ғалымдар, оқытушылар және студенттер жиналып, мазмұнды пікір алмасты. Қазақ ағартушылық тарихында, ұлттық мектеп жүйесінің қалыптасуында өшпес із қалдырған Ыбырай Алтынсарин – білім мен мәдениетті дамытуға зор үлес қосқан тарихи тұлға ретінде кеңінен сөз болды. Кездесу барысында қатысушылар оның өмір жолын, педагогикалық қызметін және білім беру ісін дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті. Алтынсарин алғашқы мектептерді ашу мен ағартушылық идеяларды насихаттау барысында кездескен қиындықтарды табандылықпен еңсергені де айтылды. Шараға музей өкілдері мен Қостанай облысының педагогтары онлайн форматта қатысты. Сонымен қатар, ағартушыға арналған музей мен тарихи мектептерге виртуалды экскурсия ұйымдастырылды. Ал Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицей оқушылары ұлы тұлғаның өлеңдерін мәнерлеп оқып, кештің мазмұнын аша түсті.

– Ыбырай Алтынсарин – тек тарихи тұлға ғана емес, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына негіз қалаған көрнекті қайраткер. Оның білімнің қолжетімділігі, оқыту арқылы тәрбиелеу және ұстаздың қоғамдағы рөлі туралы идеялары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Мұндай мазмұнды іс-шаралар ұлы ағартушының есімін ұлықтап қана қоймай, оның бай мұрасын қазіргі білім беру үдерісі тұрғысынан қайта зерделеуге мүмкіндік береді, – дейді ғылыми қызметкер Біржан Ахмер.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ұлы ағартушының бай мұрасын тереңірек зерттеп, оны кеңінен насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті. Шара барысында белсенділік танытқан қатысушыларға алғысхаттар табыс етілді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»