Қарағанды облысында ауыр жүк көліктерімен жолдарды бұзып жүрген жер қойнауын пайдаланушыларға қатаң ескерту жасалды
Қарағанды облысында жергілікті жолдарды ауыр жүк көліктерімен бүлдіріп жүрген жер қойнауын пайдаланушыларға бақылау күшейтілді.

Көптеген кәсіпорындар тасымалданатын жүктің салмағын қадағаламай, белгіленген талаптарды елемейді. Ереже бұзғандарға қатысты келісімшарттарды бұзу мен лицензияларды кері қайтарып алуға дейінгі қатаң шаралар қолданылуы мүмкін.

Қалыптасқан жағдайға арналған кеңесте облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жолдардағы салмақ шектеулерін сақтау мәселесі бүгінде аса өзекті болып отырғанын атап өтті.
– Әсіресе бұл мәселе жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты өзекті болып тұр. Карьерлерден шамадан тыс жүктеліп шығатын ауыр жүк көліктері жол жамылғысын жүйелі түрде қиратып, облыстық бюджетке тікелей экономикалық шығын келтіруде әрі жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруде. Сондықтан бұл салада қатаң әрі ашық тәртіп орнатуымыз қажет, – деді өңір басшысы.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің мәліметінше, облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын шамамен 60 субъект бар. Қазіргі уақытта салмақ бақылауының сақталуын тексеру үшін жер қойнауын пайдаланушыларды паспорттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тексеру барысында карьерлердің басым бөлігінде таразы жабдықтарының мүлде орнатылмағаны анықталған. Бұл барлық карьерлердің шамамен 75 пайызына тең.
– Қазір басқарма жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелерді орындауына мониторинг жүргізуде. Оның аясында салмақ шектеулерін сақтау мәселесіндегі жауапкершілік те ескеріледі. Бүгінде лицензиялық-келісімшарттық талаптарды бұзған тоғыз жер қойнауын пайдаланушыға хабарлама жолданды. Атап айтқанда, олар жою қорын қамтамасыз етпеген және есеп тапсырмаған. Айта кету керек, олардың жетеуінде таразы жабдықтары мүлде жоқ. Осыған байланысты келісімшарттарды бұзу және лицензияларды кері қайтарып алу мәселесі қарастырылып жатыр, – деді Асқар Ғазалиев.
Оның айтуынша, уәкілетті органдармен бірлесіп, салмақтық-габариттік талаптарды елемейтін және жалпы пайдаланымдағы жолдарды сақтауға немқұрайлы қарайтын жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау жұмыстары жалғасады.

Кеңесте талаптарды бұзған жеті компанияның атауы да жарияланды: «Тегиз Жол», GMK KZ, СП «Сине Мидас Строй», «МАТ-Сарыарка», «КамКар», «Atlant 2020» және ҒИМАРАТ-М.
Жер қойнауын пайдаланушыларға анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін уақыт берілді. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданады.
Облыс әкімі карьерлерде таразы орнату жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, бұл бағыттағы қадағалауды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
