Экологиялық қысым күшейді: айыппұл көлемі рекорд жаңартты
Қарағанды облысында экологиялық заңбұзушылықтар саны артып, кәсіпорындарға салынған айыппұл көлемі рекордтық деңгейге жетті. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында ғана табиғатты ластағаны үшін өндіріп алынған сома 102 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың толық көрсеткішінен (91 миллион теңге) асып түсті.
Тексерістердің нәтижесі бойынша 51 тексеру жүргізілген, оның 40-ы жоспардан тыс болған. Экологтар мұндай көрсеткіш алдағы айларда әлі де өсуі мүмкін екенін айтады.
Бақылау барысында тек ірі өндіріс орындары ғана емес, орта және шағын кәсіпорындар да заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды. Мәселен, «SatKomir» тау-кен компаниясында шаңды басу шараларының жеткіліксіздігі, аумақтың қоқысқа толуы және мұнай өнімдерінің төгілуі тіркелген. Сондай-ақ қауіпті қалдықтардың қауіпсіз қалдықтармен бірге сақталғаны белгілі болды. Кей кәсіпорындарда тазарту жүйелері мүлде жоқ немесе істен шыққан.
Эколог мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар атмосфераға зиянды қалдықтардың кедергісіз таралуына әкеліп отыр.
– Ең алдымен тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар саны артты. Осы өтініштер негізінде жоспардан тыс тексерістер көбейеді. Тексеріс көбейген сайын заңбұзушылықтар да көбірек анықталады, бұл айыппұл көлемінің өсуіне әсер етеді, – дейді Зейнеп Қоңырбаева.
Мамандардың пікірінше, экологиялық бақылаудың күшеюі кәсіпорындарды жауапкершілікке тартумен қатар, өңірдегі табиғи ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

