Халық үніне құлақ асқан кездесу

Қарағанды облысы әкімі тұрғындармен кездесу өткізіп, аула аумақтарын көркейту, жеделсатылардың техникалық жағдайы, сондай-ақ пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысына қатысты мәселелерді талқылады. Қабылдау барысында азаматтар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Жиынға мемлекеттік мекемелер мен салалық басқармалардың өкілдері де қатысып, көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме берді.

Өтініштердің негізгі бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болды. Атап айтқанда, тұрғындарды баспанамен қамту және қарттар үйінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйдегі жеделсатыны жөндеу қажеттілігі де көтерілді. Тұрғындардың бірі жөндеу жұмыстарын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады, себебі күрделі жөндеуді өз қаражаты есебінен жүргізу көпшілік үшін қиындық туғызады. Бұл өтінішке байланысты жауапты мекемелерге қолдау тетіктерін қарастыру тапсырылды.

– Қарағанды облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе тұрғындардың өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және халықтың өзекті мәселелерін шешу басты назарда тұр. Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы түйткілдер кезең-кезеңімен қарастырылып, оларды шешу бойынша нақты шаралар қабылдануда. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән беріледі. Сонымен қатар қарттарға арналған әлеуметтік мекемелердің жұмысын жетілдіру және олардың жағдайын жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Көпқабатты үйлердегі жеделсатыларды жөндеу мәселесі де назардан тыс қалмай, тұрғындар көтерген ұсыныстар негізінде тиісті тексеру мен жоспарлау жұмыстары қолға алынған. Кейбір күрделі жөндеу жұмыстарын мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Халықтан келіп түскен әрбір өтініш назарға алынып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріліп отырады. Мақсат – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған тиімді шешімдер қабылдау, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Ауылдық елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері де ерекше назарға алынды. Көкпекті ауылының тұрғындары 1000 текше метрлік су резервуарын салу және жаңа мектеп тұрғызу жөнінде өтініш білдірді. Аталған жобаны іске асыру келесі жылға жоспарланып отыр. Білім беру нысанын салу үшін қажетті жер телімі анықталып, құрылыс мәселесі алдағы уақытта қарастырылатыны айтылды. Сонымен қатар, облыс әкімі қолданыстағы мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Көтерілген өтініштердің басым бөлігі кездесуде оң шешімін тапты. Қосымша зерттеуді қажет ететін мәселелер белгіленген тәртіпке сәйкес бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»