Жұмыспен қамту – тұрақты өмірдің кепілі
Елімізде халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі байқалуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 200 мыңнан астам қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар 131 мың адам жұмыспен қамтуды қолдау шараларымен қамтылды.
Жұмыспен қамту – экономиканың дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Тұрақты жұмысы бар азаматтың табысы да, әлеуметтік жағдайы да жақсарады. Сондықтан мемлекет жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және тұрғындарды еңбек нарығына тартуға ерекше көңіл бөліп келеді.
Бүгінде елімізде азаматтарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, «Күміс жас» жобасы және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бастамалар бар. Сонымен қатар жұмыссыз азаматтар онлайн оқудан өтіп, жаңа мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік алуда.
Кәсіп ашуға ниетті азаматтарға да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, «Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздерін үйретсе, халықтың әлеуметтік осал топтарына өз ісін бастау үшін 1 миллион 700 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру қарастырылған.
Қарағанды қаласында да жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Өңірде тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатылуда.
Осындай жәрмеңкелердің бірі маусым айының басында Қарағанды қаласында өтті. Іс-шараға 40-тан астам кәсіпорын қатысты. Олардың қатарында өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен өндірістік ұйымдар болды. Жұмыс берушілер тарапынан 850-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды.
Жәрмеңке барысында 300-ге жуық тұрғын мамандардан кеңес алып, өздерін қызықтырған бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат алды. Мұндай кездесулер жұмыссыз азаматтардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, жұмысқа орналасу процесін жеңілдетуге ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, еңбекпен қамту шаралары тек жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, халықтың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге де көмектеседі. Әсіресе жастарды, зейнет жасына жақындаған азаматтарды және әлеуметтік осал топтарды қолдау қоғам үшін маңызды.
Қарағанды қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту бағдарламалары тұрғындардың табысын арттыруға, жаңа мамандықтарды игеруге және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беруде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына оң әсерін тигізеді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

