Қысқа дайындық – қауіпсіздіктің кепілі

Қыс мезгілі жақындаған сайын жолдардың қауіпсіздігі мен тұрғындардың тұрмыстық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шығады. Қарағанды облысында қысқы маусымға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жол қызметтері мен жауапты мекемелер қажетті шараларды қолға алған.

Бүгінде өңірдегі республикалық маңызы бар шамамен екі мың шақырым жол қысқы кезеңде пайдалануға дайын. Оның 570 шақырымнан астамы ақылы жол учаскелеріне тиесілі болса, қалған бөлігі мемлекеттік тапсырма аясында күтіп-ұсталады.

Жолдардың қысқы күтімі мен көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету «ҚазАвтоЖолсервис» филиалына жүктелген. Мамандардың мәліметінше, арнайы техниканың әзірлігі 97 пайызға жеткен. Қарлы боран мен көктайғақ кезінде 160-тан астам техника жұмылдырылмақ. Бұған қоса, қысқы жолдарды күтіп ұстауға қажетті материалдар қоры да жасақталған. Атап айтқанда, 30 мың текше метрден астам ұсақталған тас қоспасы мен 3,7 мың тоннадан астам тұз дайындалған.

Қысқы кезеңде жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы техникалар тәулік бойы жұмыс істеуге әзір болуы тиіс. Әсіресе қарлы боран мен көктайғақ жиі байқалатын жол учаскелеріне басымдық беріледі.

Қыс мезгілінде назардан тыс қалмауы тиіс тағы бір маңызды мәселе – газ жабдықтарының қауіпсіздігі. Жылыту маусымының басталуымен тұрғын үйлерде тұрмыстық газды дұрыс пайдалану қажеттілігі арта түседі. Мамандар газ құрылғыларын өз бетінше жөндеуге және техникалық тексерусіз пайдалануға болмайтынын ескертеді.

– Қысқы кезеңде газ жабдықтарының қауіпсіздігіне ерекше мән берілуі керек. Тұрғындар газ құрылғыларын өз бетінше жөндемей, уақытылы техникалық тексеруден өткізуі қажет, – дейді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының бас инженері м.а. Ділдәбек Құлтеміров.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, әрбір тұтынушы мамандандырылған ұйыммен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету жөнінде келісімшарт жасасуы тиіс. Бұл – тұрмыстық газдан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алудың маңызды тетігі.

Ал үй ішінде газдың иісі сезілген жағдайда сіріңке жағуға, электр құрылғыларын қосуға немесе өшіруге болмайды. Бірден терезелерді ашып, бөлмені желдетіп, апаттық қызметке 104 немесе 112 нөмірлері арқылы хабарласу қажет.

Қарағанды қаласының тұрғын үй инспекциясының бас маманы Саламат Әбжанов та тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

– Газ жабдықтарын уақытылы тексертіп, қауіпсіздік ережелерін орындау қажет. Газдың иісі сезілген жағдайда дереу апаттық қызметке хабарласу керек, – дейді ол.

Сонымен қатар қысқы маусымдағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғын үй секторларында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тексеру және профилактикалық шаралар барысында автотұрақтар мен автогаз құю станцияларына да ерекше назар аударылуда. Мамандар бекет қызметкерлеріне тұрмыстық газ баллондарын заңсыз толтыруға жол берілмейтінін ескертіп, қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде.

Қысқа дайындық – тек жолдарды қардан тазартатын техниканың әзірлігімен немесе қажетті материалдардың қорымен өлшенбейді. Бұл – әрбір мекеменің жауапкершілігі мен тұрғындардың сақтығын талап ететін ортақ міндет. Сондықтан мамандар көлік жүргізушілерін қысқы жол жағдайына бейімделуге, ал газ тұтынушыларын жабдықтардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Өйткені қысқы кезеңнің қиындықтарын еңсерудің басты шарты – алдын ала қамдану және қауіпсіздік талаптарын сақтау.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»