Ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Сұлтан Бейбарыс – өркениет тоғысындағы түркі тұлғасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті.
Шара ұйымдастырушысы – Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Нұғман Бахредден Ғабдылбақиұлы. Ол мұндай шаралардың жастар бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілік қалыптастыруға ықпал ететінін арнайы атап өтті.
Дөңгелек үстел үш бағытта жүргізілді: «Сұлтан Бейбарыс бейнесі ұрпақ санасында», «Сұлтан Бейбарыс халық әдебиетінде», «Сұлтан Бейбарыстың тарихи зерттеулердегі бейнесі».
Шара Business skills park (Іскерлік дағдылар паркі) аудиториясында өткізілді. Баяндамашылар көне Мысырда мемлекет құрып, ислам әлеміндегі даңқты билеуші болған Сұлтан Бейбарыстың өмірі мен еңбек жолы жайлы зерттеулерін қорғады.
Үздік жұмыс авторлары тәрбие жөніндегі проректор атынан сертификатпен марапатталды. Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Құдайберген Темірғалиев құттықтау сөз сөйледі. Дөңгелек үстелде студенттер мен оқытушылар пікірлесіп, Мысыр билеушісі жайлы тың деректер алмасты. «Bolashaq» академиясының доценті, т.ғ.к. Еламан Қасенов кеш қонағы болды.
Ұйымдастырушылар: «Басты мақсатымыз – жастарды тарихымыздың құндылықтарына тәрбиелеу және кәсіби қалыптасу мақсатында қоғамның мүддесі үшін шығармашылық әлеуетті көтермелеу», – дейді.