Қақпақтағы құпия: Қарағандыдағы ерекше мозаика
Қарағандыдағы ерекше мозаика тағы да жұрт назарын аударды. Қоқыс үйіндісі, пластик бөтелкелердің қақпақтары мен құпия кодтың арасында қандай байланыс бар?
Қарағандыдағы аулалардың бірінде бөтелке қақпақтары мен түрлі қолда бар материалдардан ерекше туындылар жасайтын мозаика шебері Павел Король шығармашылығымен көпшілікті таңғалдыруда. Ол суреттермен ғана шектелмей, енді әріптер мен сөздер арқылы да өз ойын жеткізе бастаған.
Қарағандылық халық шебері Павел Король Бұқар жырау даңғылы бойындағы ауланы біртіндеп ерекше мозаикалық баққа айналдырған. Шебердің айтуынша, ол тарихи атау халықтың жадында сақталса деген оймен үйде жатқан кафель мен керамикадан «Бейбітшілік гүлзары» атты туынды жасаған.
Павел Корольдің бұл ауламен байланысы да ерекше. Ол «Бейбітшілік гүлзарында», Станиславский атындағы театрдың маңында дүниеге келген. Кейін Бұқар жырау даңғылы бойындағы осы аулаға көшіп келген.
Шебер жыл сайын ауқымды жұмысын аяқтап, енді отырғызған гүлдеріне күтім жасауды жоспарлайды. Алайда шығармашылыққа деген құштарлығы оны жаңа туындылар жасауға жетелейді. Осылайша көше галереясы жыл сайын кеңейіп, бүгінде Қарағандының өзіндік көрікті орындарының біріне айналып отыр.
Павел Корольдің айтуынша, «Бейбітшілік гүлзары» атауын тарихта қалдыру оның басты мақсаттарының бірі. Бұл жерде саяси астар жоқ. Шебер үшін бұл – тарихи атауға деген құрмет және осы атаумен байланысты қала тұрғындарының жылы естеліктерін сақтау.
Панно ностальгиялық кеңестік стильде жасалған. Ол «Бейбітшілік гүлзары» деген классикалық мекенжай тақтайшасын еске түсіреді. Автордың айтуынша, «гүлзар» сөзі туындының классикалық сипатын білдірсе, «Бейбітшілік» атауы адамдардың қуанышы мен айналаның гүлденуін меңзейді.
Павел Корольдің ерекше шығармашылық жолы 2019 жылы басталған. Шебер қараусыз қалған ескі бомба панасының қоқыс жиналатын шығатын жерін кірпішпен жауып тастаған. Кейін түрлі-түсті пластик қақпақтарды, ескі кафельді, әйнек пен айналарды пайдаланып, түрлі арт-нысандар жасай бастады.
Оның туындыларында жануарлар, құстар мен теңіз тіршілігінің бейнелері пайда болды. Уақыт өте келе мозаикада жазулар да көріне бастады. Мысалы, «Таза Қарағанды» деген жазу қала тұрғындарын тазалық сақтауға және өзгенің еңбегін бағалауға шақырады.
Шебердің шығармашылығындағы ең қызықты ерекшеліктердің бірі – жасырын мағыналар мен құпия жазулар. Мәселен, мозаикадағы үкі бейнесінің ішіне арнайы жасырылған жазу бар. Оны бірден байқау оңай емес. Кейбір адамдар үкіні суретке түсіріп алып, үйіне барған соң ғана мозаикадағы жасырын жазуды байқайды.
Бүгінде бұл ерекше аула Қарағандыда тосыннан пайда болған көше өнерінің туристік картасындағы маңызды орындардың біріне айналды. Өнер мен күнделікті тұрмыстағы қарапайым заттарды ұштастырған Павел Корольдің мозаикалары аулаға жаңа тыныс беріп қана қоймай, қала тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және тарихты бағалауға үндейді.
Егер Бұқар жырау даңғылының маңынан өтіп бара жатсаңыз, ерекше мозаикаларға көз жүгіртіп, шебер жасырған құпия жазуды өзіңіз тауып көруге болады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

