Мектептегі бағалау жүйесі өзгеруі мүмкін

Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың білімін бағалаудың жаңа тәсілдерін ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 21 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

 

Ұсынылып отырған өзгеріске сәйкес, 2-4 сынып оқушыларының білімі формативті бағалау, тақырыптық және жиынтық бақылау арқылы бағаланбақ. Ал 5-11 сыныптарда БЖБ мен ТЖБ өткізу тәртібі әзірге сақталады. Тоқсандық қорытынды бағалар осы жұмыстардың нәтижесі негізінде қойылады.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде БЖБ мен ТЖБ-дан біртіндеп бас тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан болатын. Алдымен бұл өзгеріс бастауыш сыныптарға енгізілуі ықтимал.

Дегенмен қазір бұл – тек ұсыныс. Құжат қоғамдық талқылаудан өтіп, тиісті тәртіппен бекітілген жағдайда ғана жаңа бағалау жүйесі қолданысқа енгізіледі.