Тамыз ҰБТ-сы басталды

Қазақстанда тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Тестілеу 14 тамызға дейін жалғасады. Биыл оған қатысу үшін 30 мыңнан астам талапкер өтініш берген.

Талапкерлердің басым бөлігі тестілеуді қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. Олардың үлесі – 65 пайыз. Орыс тілінде ҰБТ тапсыратындардың көрсеткіші 35 пайызды құраса, 100-ге жуық талапкер ағылшын тілін таңдаған. Ал алғашқы күні 7 мыңға жуық адам тест тапсырды.

Тамыздағы тестілеуге мектеп пен колледждердің биылғы және өткен жылдардағы түлектері, қандастар, сондай-ақ шетелде білім алған талапкерлер қатыса алады. Бұдан бөлек, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер мен педагогикалық бағыттарға түсуге ниеттілер де сынақ тапсыруда.

Сондай-ақ өткен оқу жылында жоғары оқу орнының ақылы бөліміне қабылданып, алайда қажетті шекті балды жинай алмаған студенттерге де тамыздағы ҰБТ-ға қатысуға мүмкіндік берілген.

Ал өз мамандығы бойынша жоғары білімін ақылы негізде жалғастырғысы келетін колледж түлектері сұхбаттасу нәтижесі бойынша оқуға қабылдана алады.

Осылайша, тамыздағы ҰБТ талапкерлерге жоғары білім алуға мүмкіндік беретін қосымша сынақ кезеңдерінің бірі болып отыр.