Тарихи шындықты көркем әдебиетпен көмкерген жазушы

Ілияс Есенберлин! Осы бір ұлы есім тілге оралғанда, кезінде жұмыр жерді тұлпарларының тұяғымен дүбірлеткен бабалар рухы үдере бас көтергендей, қалың тарих қатпары көз алдыңнан өте бастайды.

Бүгінге дейін қазақ әдебиеті тарихында ең көп роман жазған, сол романдарындағы сюжеттері арқылы халқына рухани дем берген даңқты жазушының жеке өмір жолының оңай болмағанын байқаймыз. Балалық бал дәуренін ұрлап, жетім еткен ашаршылықтың ізін ала, жастық шағын жалмаған сұм соғыстың дайын тұруы… Соғысқа қатысып, 1942 жылы қатты жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралуы, тағысын тағылар… Одан кейінгі жылдарда да тағдырдың теперіші аз болмағанын байқаймыз. Себебі соғыстан бұрын атылып кеткен Әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, қайын енесін «Алжирден» алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілініп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Пешенесіне жазылған осыншама қайғы-қасірет жазушының қайрат-жігерін мұқалта алмаған.

Ілияс Есенберлин тарихи шығармаларын кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған, қысылтаяң уақытында жазды. «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тарихи романдардан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы арқылы халықтың тарихи жадының жаңғыруына үлес қосты. Оның қаламынан туған «Көшпенділер», «Алтын орда» сынды сүйекті шығармаларда ұлы дала өркениеті көрініс тауып, Қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан мол мағлұмат берілген. Жазушы империяның қытығына тиіп, қаһарына ілігетінін біле тұра басын бәйгеге тігіп, қазақ хандығының қалыптасуын, қазақ хандығының жоңғар хандығымен арпалысын, Қытай, Хиуа, Бұқара, Ресей империясы секілді көршілермен аумалы-төкпелі қарым-қатынастарын көркем әдебиетпен ұштастыра бейнелеп, қазақты тарихымен қауыштырды.

Ол кезде мұндай тарихи тақырыптарға баруға ешкімнің батылы жетпейтін. Әсіресе Кенесары туралы роман жазу әр жазушының қалам сілтей алатын тақырыбы емес еді. Өйткені одан 20 жылдай бұрын ғылыми тұрғыдан зерттеп докторлық диссертация қорғаған тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов 25 жылға сотталған еді. Міне осыдан кейін Қазақстанда ешбір ғалымның Кеңестік идеология белгілеген тарихи тақырыптардың тысына шығып, қандай да бір тақырыпты зерттеуге ұмтылуы өз өзіне қол жұмсаумен парапар еді. Сондықтан тарихшылар ұлттық тарихтың орнына Компартия тарихын жазуға бейім тұрды. Міне осындай тар кезеңде жас ұрпақтарға шынайы тарихты үйрету мақсатында Есенберлиннің Кенесары тақырыбында роман жазуы үлкен ерлік еді.

Бұл роман көпшілік ортасында зор сілкініс туғызды. Алғашқы кітабы қанша тиражбен шықса да, өтіп кетіп жатты. Мәселен, оның кітаптарын қалың жұртшылық қолдан-қолға тигізбей, бір демде таусылып қалғандығы, әсіресе шалғайдағы ауыл-аймаққа жетпей, сондайда бір шопанның Ілиястың кітабын бір қойға айырбастап алғаны туралы естелік-әңгімелер бар.

Есенберлиннің осы кітабы арқылы қазақтың тарихқа деген көзқарасы өзгерді. Бұл кітап «қазақ тарихы 1917 жылдан басталады» деген қағидаға алғаш рет тосқауыл қойып, ұлттық рухты оятуға үлкен еңбек сіңірді.

Жазушы шығармаларының әсерімен Дүкенбай Молдағалиев «Отырардың күйреуін», Әбіш Кекілбаев «Үркерін», Қабдеш Жұмаділов «Соңғы көш» романын жазып, өз оқырмандармен қауышты.

Кез келген тарихи шығарма тарихтың көшірмесі емес. Ешқашан көшірме бола алмайды. Бірақ жазушының міндеті де ол емес. Оның міндеті – оқырманға сол дәуір, адам туралы ой салу, эмоциялық тұрғыдан әсер ету.

Соңғы кездері «Қазақ мемлекеті бұрын болған емес… Қазақстанның солтүстігі – қазаққа берілген сыйлық» дейтіндер шығып жатқан кезде Ілияс Есенберлин шығармаларының маңызы арта түскені анық.

Осы ретте, «Көшпенділер» трилогиясы мен оның желісіне түсірілген тарихи фильмді елемей кетуге болмайды. Әсіресе жаһандану заманында кітаптан қол үзіп, өткенін ұмытып, тарихын терең танымауға айналған кей жастардың осы кино арқылы көптеген тарихи мәліметтермен сусындауы дарабоз жазушының халқына тартар сыйы таусылмағанын, ешқашан да таусылмайтынын көрсетеді, оның ұлтына қалдырған мұрасы ешқашан өшпек емес.

Авторлары Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ оқытушылары:

С.М. Тажибаева, А.Б.Кабанова, А.В. Тен.