Сырт келбет сыр бермейді

Діни көзқарасты сақалға қарап саралайтын, балаққа қарап бағамдайтын кезең өтті. Бір кездері қабасақалдылардан қорқып, шолтиған балақтылардан шошитын едік. Ал бүгінде қырма сақал қою, қысқа балақты шалбар кию жастар арасында өзіндік сәнге айналған. Тобығын ашқан ұл көрсек, кіндігін ашқан қыз көрсек таңданбайтын болдық. Сырт көз – сыншы демекші, бұл жаңашылдықты діни сала қызметкерлерінің қалай саралайтынын білу мақсатында «Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығы» КММ-нің басшысы Дулат Төлегеновпен жалпы аймақтағы діни ахуал турасында сұхбат құрдық.

— Облыс бойынша теологиялық тұрғыда адасушылар қаншалықты азайды?

— Бүгінгі уақытта облыс аумағында радикалды діни идеология ұстанып, оны ашық түрде таратушы азаматтар жоқ деуге болады. Тек бұрынғы кездері интернет және т.б. құралдардың көмегімен жат ағымға еніп, өз ұстанымдарын сақтап отырған азаматтар бар. Алайда, жан-жақты теологиялық ықпал ету жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні жат ағым идеологиясын жақтаушылар санының азаю тенденциясы анық байқалады.

Сонымен бірге, тұрғындар арасында деструктивті діни ағымдардың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының негізінде облысымызда жат діни идеологияның жаңа өкілдерінің пайда болу фактілері түгелімен дерлік жойылды.

Адамдардың санасын, әсіресе жаһандық құбылыстар жүріп жатқанда өзгерту оңай емес. Бұл ұзақ мерзімді жұмыс, онымен тұрақты түрде облыс басшылығы, оның ішінде өзінің негізгі міндеттемелері негізінде Қарағанды облысының дін істері басқармасы жұмыстар атқаруда.

 — Жастарымыз діни сенім мен сәнді шатастырып алған жоқ па?

— Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, түрлі діндер мен мәдениеттердің тоғысқаны байқалатыны заңдылық. Осыдан 7-10 жылдай уақыт бұрын шатастырулар байқалды. Қазіргі уақытта мұндай шатастырулар анық байқалмайды. Көптеген жастардың сыртқы бейнесі діни ұстанымына сәйкес келмесе де, белгілі бір сәнді бағыт болып табылады.

Мысалы, бұрындары қысқа балақты болу ол жалған салафизм бағытының бір белгісі деп санайтын болсақ, қазір дінге мүлде қызығушылығы жоқ жастар балақтарын қысқартып алуды сән көреді.

 — «Жусан» операциясымен оралған неше адам жазасын өтеу мекемелерінде отыр?

— Қазіргі таңда «Жусан» операциясымен оралған 5 ер және 3 әйел азамат Қарағанды облысындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеуде.

— Оңалту жұмыстарының бүгінде қол жеткізген нақты нәтижесі қандай?

— Бүгінде Қарағанды облысында діни аспектілер көрініс тапқан ешқандай қоғамдық шиеленістер жоқ. Бұл осы уақытқа дейін тынымсыз жүргізіліп отырған конфессияаралық келісім мен алдын алу жұмыстарының жемісі.

Діни шектен шыққан пікірлердің және радикалды ұстанымдағы азаматтардың облысымызда көрініс таппауы — оңалту жұмыстарының тиімділігін аңғартады.

Сонымен бірге, оңалту және түсіндіру жұмыстары түзету мекемелерінің қабырғаларында да жолға қойылған. Ол жақпен білікті теолог мамандармен қатар, мешіттен арнайы бекітілген имамдар да байланыс орнатқан.

— «Жусан» операциясымен елге оралғандардың радикалды идеологиядан толық ада болғанына қалай көз жеткізесіздер?

— «Жусан» операциясымен оралған азаматтардың толығымен радикалды ұстанымдардан қайтып, оңалғаны туралы шешімді білікті исламтанушы-теолог мамандар қабылдайды. Олар оңалту объектісінің ең алдымен діни сенімдеріне (ақида, фикх) арқа сүйейтін уағызшылары мен қоршаған ортасы секілді жайттарға мән береді.

 — Аймақта жұрт санасын діни сауықтыру жолында нақты қандай жұмыстар атқарылуда?

— Қазіргі қалыптасқан санитарлы жағдайға байланысты дін саласындағы алдын алу субъектілерінің жұмыс форматы өзгеріске ұшыраған. Діни сауықтыру жұмыстарының интернет кеңістік арқылы онлайн форматына басымдылық беріліп отыр. Сонымен бірге, діни ұйымдар да өздерінің ресми парақшалары арқылы уағызнасихаттар айтып, сұрақ-жауап форматында тұрғындардың дінтанулық сауаттылығын арттыруда.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ