Сот төрелігінің үш буынды моделі енгізілді

Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп, оңтайлы жұмыс істеуде.

«Қазақстан жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы: «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дамыған елдерінің үлгісі бойынша қылмыстық саланы жаңғырту қажет. Бізге азаматтардың құқықтарын уақытылы қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін үлгі қажет. Қазақстанда өкілеттіктерін нақты бөле отырып, үш буынды модельді енгізу қажет деп санаймын», — деп айтқан.

Сот төрелігінің үш буынды моделі дегеніміз не?

ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық процесті жаңғыртудың Қазақстан үшін ең қолайлы негізі ретінде, көптеген басқа дамыған елдерде де қолданылатын Герман моделін қолдану туралы шешім қабылдады.

Бұл модельде қылмыстық процестің заңдылығына олардың арасындағы тиісті өкілеттіктерді нақты ажырататын үш буын жауап береді, олар: полиция, прокуратура және сот.

Бірінші буын — полиция қылмыстарды және қатысы бар адамдарды анықтауы, оларды ашуға барлық шараларды қабылдауы, дәлелдер жинауы, сондай-ақ қылмыстар туралы келіп түскен өтініштер мен хабарламаларды тексеруі керек.

Екінші — прокуратура полиция жинаған материалдар мен дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге және жолын кесуге, сотта азаматқа тағылған айыпты қолдауға міндетті.

Үшіншісі — қылмыстық істерді қарау және айыпталушыларға түпкілікті үкім шығару, полиция мен прокуратура қызметкерлерінің әрекеттеріне азаматтардың шағымдарын қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау функциялары болып табылатын сот.

Қылмыстық процестің осындай жүйесінде сотқа дейінгі тергеп- тексеруді жүзеге асыратын органдардың қызметі трансформацияланады.

Біріншіден, бұл заңнаманы жетілдіру, сотқа дейінгі тергеп- тексеру тәсілдерін өзгерту, екіншіден, прокурорлар мен тергеушілердің кәсіби деңгейін арттыру.

Егер бұрын қылмыстық процестегі негізгі рөл полиция органдарына берілсе, қазір соңғы сөз прокурорға тиесілі.

Қылмыстық істерді тергеудің жаңа моделіне сәйкес, Қазақстанның қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен прокурорларға қылмыстық істер бойынша негізгі шешімдерді келісу міндеті жүктелген (оларға адамды күдікті деп тану, оның іс-әрекетін саралау, жалпы қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеп- тексеру мерзімдерін үзу, іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешімдер, күдіктіге қатысты айыптау актісін, адамды айыптау хаттамасын, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы жасау сияқты).

Басқаша айтқанда, прокурордың келісімінсіз қылмыстық іс бойынша жоғарыда аталған шешімдердің ешқайсысы заңды күшке ие болмайды.

Үш буынды модельге сәйкес, қылмыстық процестегі прокурордың рөлі айтарлықтай өсті, өйткені қазір ол істі тергеуге қатысады және оны соңғы шешім қабылданған сәттен бастап емес, қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген сәттен бастап қадағалайды.

Азаматтардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершіліктің анықсыздығы жойылды. Прокуратура, неміс моделіне ұқсас, бүкіл қылмыстық процеске, адам құқықтарының бұзылуына жол бермеуге және жазаның бұлтартпастығы қағидаты мүлтіксіз сақталуына толық жауап береді.

Электронды форматта да, қағаз түрінде де тергеп- тексерілетін қылмыстық істер бойынша жоғарыда көрсетілген барлық іс-әрекеттің электронды түрде жүзеге асырылатынын ерекше атап өткен жөн.

Негізгі процедуралық шешімдерді электронды үйлестірудің артықшылықтары сөзсіз.

Прокуратура органдары мен полицияның жедел электронды өзара іс-қимылы бюрократиялық кідірістерді толығымен жояды, жеке байланыстарды барынша азайтады, қызметкерлердің жұмыс уақытын неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл тергеу органдары мен прокуратура басшылығына істерді тергеу барысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді, сондай-ақ прокурормен келісілгеннен кейін іс жүргізу құжаттарын бұрмалау немесе ішінара өзгерту мүмкіндігін толығымен жояды.

Прокурордың қылмыстық істі тергеуді оның ең алғашқы кезеңдерінде қадағалауға мүмкіндігі сотқа дейінгі тергеп- тексерудің сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл прокурорлық қадағалау мен ведомстволық бақылаудың тиімділігіне ғана емес, сонымен қатар қарапайым тергеушілердің тәртіп деңгейінің жоғарылауына, сондай-ақ олардың іс жүргізу құжаттарын дайындаудағы сауаттылығына оң әсер етті.

Мәселен, өткен кезеңде Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданы бойынша прокурормен қылмыстық істер бойынша 2 335 негізгі шешім зерделенді, оның ішінде 2 255-і келісілді, 80 шешім бойынша келісуден бас тартылды (жалпы санынан 3,4 %-ды ғана құрайды).

Бұл ретте іс бойынша сот ісін жүргiзудi тоқтата тұру және тоқтату туралы заңсыз шешімдерді келісуден бас тарту саны өткен жылмен салыстырғанда 23,5 %-ға төмендегенін атап өтеміз.

Егер 2020 жылы аудан прокуратурасы 149 заңсыз шешімнің (132 тоқтату туралы және 17 тоқтата тұру) күшін жойса, ағымдағы жылы бас тарту саны 114-тен (87 тоқтату және 27 тоқтата тұру) аспады.

Атқарылған жұмыс тергеу мен прокурордың заңсыз әрекеттеріне сотқа жазылған шағымдар ағынын едәуір азайтып, қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімінің артуы туралы айтуға мүмкіндік береді.

Сонымен, осы бағытта жүргізіліп жатқан реформалар мен заңнамалардағы өзгерістер құқық қорғау жүйесін дамыту процесіне оң әсерін тигізді, полиция мен прокуратура органдарының күнделікті қызметінде табысты қолданылып келеді, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау және қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асыру бөлігіндегі ахуалды жақсартуға ықпал етеді деп сеніммен айтуға болады.

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы