Әскердің Ауған жерінен шығарылғанына — 33 жыл

15 ақпанда Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. Тарихқа ХХ ғасырдың ең ұзақ қантөгісі ретінде енген соғысқа интернационалдық борышын өтеу үшін 22 269 қазақстандық аттанды. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тапса, 1 015 адам мүгедек болып оралып, 19 адам із-түзсіз жоғалды. Бүгінгі күні 70-тен аса азамат әскер қатарында қызметін жалғастырып келеді.

Өрімдей жас кездерінде ұрыс алаңына аттанған сарбаздардың басты міндеті халықаралық терроризммен күресіп, есірткі бизнесінің шекарадан өтуіне тосқауыл қою еді. Отанына аман-есен оралғандардың ерлігі ескеріліп, арнайы медальдармен марапатталды. Алайда рухы мықты және ең батыл азаматтар ғана қарапайым азаматтық өмірге қайта бейімделе алды. Солардың бірі — теміртаулық Алексей Дулин. 1986 жылы тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығы бойынша училищені бітіріп, бірден әскер қатарына шақырылады.

Ол медициналық комиссиядан өткен сәттен бастап-ақ Ауғанстанға жіберілетінін білген. Бірнеше күннен кейін Алексей Дулиннің Газни провинциясында орналасқан № 20 әскери бөлімнің тобында болатыны анықталады.

— Ата-анам оқудан кейін Ауғанстанға жіберілетінімді білгенде, әрине, алаңдай бастады. Біз арнаулы жасақ батальонының төртінші взводының бірінші ротасы болдық. Оқу барысында біз БМП (жаяу әскердің жауынгерлік машинасы) жүргізуді үйрендік. Емтихан тапсырғаннан кейін тікұшақтарға отырып бір ден Ауғанстанның Газни провинциясына аттандық, — деп еске алады Алексей Дулин.

— Мен жүргізуші- механик қызметінде болдым, жаяу әскер топтарын жеткіздім, сондықтан әріптестеріммен бірге тапсырмаларға жиі шығып, шабуылдар ұйымдастырдым. Операцияларға шыққанда ашық шайқас алаңында қалған кездерім де болды. Біздің машинамызға екі рет мина түсіп, жау гранатометінің астында қалды. Ауған жерінде болғанда жақын досымнан айырылып, өзім екі рет контузия алдым. Менің ойымша, түрлі қиындыққа қарамастан бізді ерлікке жетелеген — жауынгерлердің арасындағы адал достық және елге деген сағыныш. Соғысқа бүкіл Одақ бойынша түрлі ұлт өкілінің азаматтары шақырылды. Соған қарамастан арамызда үлкен сыйластық пен татулық орнады.

Соғыс ардагері ескі достарымен әлі де байланыста

— Бұрын шетелдегі көптеген ауғандықтармен тілдесіп, бір-бірімізге қонаққа барып тұратын едік. Бірақ уақыт өте келе байланысымыз ажырап қалды. Енді Теміртауда қалған ардагерлермен жиналып тұруға тырысамыз. Біздің қаламызда әскери комиссариаттың жанында ескерткіш бар. Әр жылдың 15 ақпан күні біз әскери жолдастарымызбен дәстүрлі түрде кездесіп, Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанын атап өтеміз, өткен күндерді еске аламыз, — дейді Алексей Дулин.

Сондай-ақ Ауған соғысының ардагері атаулы күннің қарсаңында өз тілегі мен құттықтауын да жеткізді:

— Ең алдымен, барлық жолдастарыма, соғыс ардагерлеріне зор денсаулық тілегім келеді. Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толып отыр. Ауыр кезеңді көзбен көріп, басынан өткерген әрбір әріптесіме тек амандық тілеймін.

Елін, жерін жаудан қорғау — әрбір ер-азаматтың міндеті. Уақытты айналдырып, тағы да таңдау берсе, ойланбастан азаматтық борышымды өтеуге қайта барар едім. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе, — дейді соғыс ардагері Алексей Дулин

Отан үшін жанын пида етіп, азаматтық борышын абыроймен өтеген барлық қандастарымыздың есімі тарихта алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Бұл күн — көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты күн болып қала бермек. Батырларға деген сый-құрмет ешқашан жоғалмайды, жоғалмақ емес.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»