Фестиваль жұлдызына айналған Жанель

«BaiQymyz-2026» этно-гастрофестивалі аясында ұйымдастырылған «Қой көтеру» сайысы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Ұлттық спортты насихаттауға бағытталған додада қатысушылар күш-қуаты мен төзімділігін сынап, жоғары нәтижелер көрсетуге тырысты.

Сайыс шарттарына сәйкес қатысушылар салмағы 35 келі болатын қой муляжын көтеріп отырып-тұру жаттығуын орындады. Қатысушылардың басым бөлігі 90-120 рет аралығында нәтиже көрсетсе, үздік көрсеткіш 200 ретке жетті. Алайда жарыстың ең көп талқыланған қатысушысы – Қарағанды қаласынан келген Жанель Құсайынова болды. Батыл қыз ер азаматтармен бір алаңда күш сынасып, қой көтеру муляжын 150 рет көтеріп, көрермендердің зор қошеметіне ие болды. Жанельдің нәтижесі көпшілікті таңғалдырды. Ол көптеген ер қатысушыларды артта қалдырып қана қоймай, ұлттық спорт түрлерінде қыз-келіншектердің де әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Фестиваль қонақтары оның табандылығы мен қайсарлығына ерекше ризашылық білдірді. Жанельге Ақтоғай ауылының тұрғындары тарапынан 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар Қарағаш ауылының азаматтары қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті. Ұлттық ойындар тек физикалық күшті ғана емес, адамның мінезі мен рухани төзімділігін де айқындайды. Жанель Құсайынова осы додада өзінің қайсарлығы мен жігерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, көпшілікке үлгі болды.

—        – Жанель, жарысқа қатысуға не себеп болды?

– Мен спортпен тұрақты түрде айналысамын. Ұлттық спорт түрлеріне де қызығушылығым жоғары. Осындай мүмкіндік туғанда өзімді сынап көргім келді. Сондықтан сайысқа қатысу туралы шешім қабылдадым.

            – Ер азаматтармен бірге күш сынасу қиын болған жоқ па?

– Әрине, қарсыластардың арасында мықты азаматтар болды. Бірақ мен нәтижеге емес, өз мүмкіндігімді көрсетуге көңіл бөлдім. Ең бастысы – қорықпау және өзіңе сену.

         – 150 рет нәтиже көрсеткен сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Шынымды айтсам, көрермендердің қолдауы ерекше күш берді. Әр көтерген сайын олардың қошеметін естіп тұрдым. Сол қолдау соңына дейін жетуге көмектесті.

            – Көрермендердің ықыласы сіз үшін күтпеген жағдай болды ма?

– Иә, аздап күтпеген жағдай болды. Көп адамның қолдау білдіргені қуантты. Бұл мен үшін үлкен мотивация әрі жауапкершілік.

         – Қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – өзіңізге сеніңіз. Қандай сала болса да, еңбек пен табандылықтың арқасында жақсы нәтижеге жетуге болады. Шектеу көбіне біздің ойымызда ғана болады.

         – Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Спортпен айналысуды жалғастырамын. Ұлттық спорт түрлерін насихаттайтын іс-шараларға қатысып, жастарға үлгі болғым келеді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»