Ұлттық рух ұлықталған дүбірлі көкпар
Еліміздің әр өңірінен келген тәжірибелі көкпаршылар Қарағанды қаласында бас қосты. Шалысбай әулетінің ұрпағы Ұлықбек Нұртасұлының қолдауымен ұйымдастырылған жаппай көкпар додасында ұлттық рух асқақтап, ата дәстүр дәріптелді.
Киіз үйлер тігіліп, мыңнан астам спорт жанкүйерін жинаған жаппай көкпардың басталуы көпшіліктің асыға күткен сәтіне айналды. Әнұран орындалып, көк байрағымыз көкке көтерілді. Ұлттық спортты қолдайтын азаматтар құттықтау сөз сөйлеп, ат үстіндегі сайыскерлерге сәттілік тіледі.
– Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерін дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлініп, тиісті қолдау көрсетілуде. Бүгінгі жаппай көкпардың да жас ұрпақ тәрбиесі мен олардың ұлттық рухын қалыптастырудағы маңызы айрықша, – деді Ұлттық спорт түрлерінен өңірлік қауымдастықтың президенті Нұркен Қобжанов.
Жаппай көкпарға 300-ге жуық көкпаршы ат тізгіндеп қатысты. Жарыс басталар алдында оның тәртіп-ережелері түсіндіріліп, жанкүйерлер тарапынан ойынның жарақатсыз әрі әділ өтуіне тілектестік білдірілді.
– Бүгінгі көкпарға арнайы келдік. Көрермен қарасы өте көп, қатысушылар да ауқымды. Осындай ұлттық спортты қолдайтын азаматтардың қатары арта берсін деген тілек білдіреміз, – дейді Жаңақорғаннан келген жанкүйер Рамазан Үпенов.
Дүбірлі көкпар бәсекесінде жалпы жүлде қоры 7 миллион теңгені құрады. Жүздеген жылқы қатысқан тартысты дода барысында әр сәт бейнежазбаға түсіріліп, төрешілер қатаң бақылау жүргізді. Жарыста әрбір салым демеушілер тарапынан қаржылай қолдаумен қамтамасыз етіліп, палуандарға қолдау көрсетілді. Бас жүлде ретінде «Өгіз-Өлді салымына» 500 мың теңге табысталды.
– Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін. Ұлттық спортымыз дами берсін, халқымыздың рухы асқақтай берсін. Қонақтарға шынайы алғысымды білдіремін. Ат үстіндегі палуандар жарақатсыз, жоғары деңгейде өнер көрсетсін, – дейді ұйымдастырушы Ұлықбек Шалысбаев.
Осылайша, ұлттық ойын арқылы ата-бабадан қалған төл өнер кеңінен дәріптелді. Ұйымдастырушылар жиналған қауымға ақ дастарқан жайып, құран бағышталды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

