ШЫЛЫМДЫ СӨРЕГЕ ҚОЮҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

1 шілдеден бастап дүкендер сөрелеріне темекіні жарқыратып, ашық қоюға тыйым салынды. Бұл тыйым тек қораптағы темекіге ғана емес, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекіні қыздыруға арналған құтылар, қыздырылатын темекісі бар заттарға да қатысты.

Дүкенде сатылатын темекі өнімдерінің тізімі мен бағасы қағазға жазылып, ілініп тұруға тиіс. Ал сатылым сәтінде темекі таңбалық тіркеуден өтеді. Қандай да бір сурет салуға тыйым салынады. Бұл жаңашылдық шылым шегетіндер санын барынша азайтуы мүмкін. Денсаулық тұрғысынан қарағанда бұл әрине құптарлық іс. Дегенмен шағын дүкен иелері әлі де бұл жаңашылдықты құптай қоймайтындай. Кәсіпкерлер таңбалауды тұтынсақ, өзіндік теңге шығындауымызға тура келеді деген ұстанымда. Шағын бизнес иелері ол үшін есепші ұстап, әр тауардың сканерден өтуін реттеп, қабылдау, сату актілерін толтырып отыру керек боламыз деп түсінеді. Алайда мемлекеттік кірістер комитеті ақпарынша, бұл қате ұғыну. Ешқандай артық жұмыс, қосымша есепші қызметі қажет емес, маркировканы тек сатылым сәтінде онлайн касса арқылы тіркесе жеткілікті. Data Matrix кодын екі тәсілмен сканерлеуге болады. Біреуі қарапайым дүкендер жұмысындағы 2д сканерлеу, одан бөлек мобильді қосымша арқылы жасаса болады. Қалай болғанда да бұл кәсіпкерге тиімсіз дейді Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин.

— Қазіргі заң талабына сай әр кәсіпкер белгілі бір тауар түрлерін маркировкалауы қажет. Алайда бұл жүйені мен құптамаймын. Бұл бір тірлікте екі рет істеп, бос әурелік етумен тең. Дүкен сөрелеріне шылым өнімдері бірден өндірушіден жетпейді ғой. Онсыз да сатылымға дейін ол тауарларға (СНТ) тауар сатылымының құжаттылық ілеспесі рәсімделеді. Бір сөзбен айтқанда арнайы тіркеуден өтеді. Ендеше оны қайта сатылым сәтінде таңбалаудың кімге қажеті бар? Шағын дүкендерде жалдамалы сатушылар егде жастағы адамдар. Оларға бұл технологияны түсінідірудің де өзіндік қиындығы бар. Осыдан келіп үй іргелеріндегі шағын дүкендер сатушысыз қалуы мүмкін,-дейді. Осылайша шағын бизнес шатқаяқтап, ірі сауда үйлерінің, супермаркеттердің айы оңынан тумақ.

Қалай болғанда да ендігіде тауар таңбасы талай ақпардың көзіне айналмақ. Шылымға қатысты маркировкалау мәселесі алғаш көтерілгенде де оған қарсы пікір білдіріп, шулағандар да болды. Дегенмен тың жобаны ойластырушы мамандар таңбалаудың талай пайдасы барын ұқтырды. Таңбалық штрих код арқылы тауардың қайдан, қашан шыққанын анықтауға болады. Шылымның контрафакт еместігіне де сол штрих код жауап береді екен. Сатылымдағы тауарды таңбалау – Қазақстандағы цифрлық экономиканы дамытудың маңызды бір бағыты болмақ. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың артықшылығы көп. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бірқатар бұйым мен өнімді міндетті таңбалауды енгізгені белгілі. Сарапшылардың айтуынша, тауарларды таңбалау көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, нарықта заңсыз өнім айналымын қысқартады деп күтілуде. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері таңбалау жүйесі мемлекетке ғана емес, бизнес пен тұтынушыға да тиімді деп түсіндіріп бағуда.

Кәсіпкерлер бұл тәсіл өздеріне тиімсіз деп шыр-пыр болғанымен тиісті органдарға ресми тіркелмеген, тексеруден өтпеген тауарлар адам өмірі мен денсаулығына қауіпті екенін ескерсек, тұтынушы ұпайы түгенделмек. Нақты айтқанда тауарды таңбалау заңсыз өнім айналымын қысқартып, көлеңкелі экономика үлесін азайтып, халықты қауіпсіз, әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге жол ашады. Жалпы цифрлы таңбалау тиімді екенін АҚШ, Бразилия, Қытай сынды елдер түсініп, тәжірибеде пайдалы тұсын көріп жатыр. Еуропалық одақ елдерінде цифрлық қадағалау жүйесі 5 жыл ішінде контрабандалық өнім айналымын 30%-ға төмендеткен. Америка Құрама Штаттарында дәрі-дәрмектерді таңбалау өнімді қайтарып алу процесін 3 күннен 10 секундқа дейін жылдамдатуға мүмкіндік берген. Қорыта айтқанда, тауардағы цифрлық код – қолдан жасау мүмкін емес дегенді ұқтыратын тауар паспорты. Ол тауардың барлық жолын – өндірген зауыттан бастап, тұтынушыға жеткізілгенге дейінгі кезеңді бақылауға мүмкіндік береді. Қанатқақты жоба алдағы уақытта өзге де өнім түрлерінде тұтынылатын болады.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ