Саусақ ұшындағы әлем

ҚР Парламентінің кітапханасында ҚР Парламент Мәжілісі аппаратының Сараптама-талдау бөлімінің ақпараттық жұмыс және ғылыми-білім беру секторының ұйымдастыруымен «Құқық және заң әлемінде» атты іс-шара өтті. Шара аясында Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың «Саусақ ұшындағы әлем» атты тифлобұрышы ашылды.

Маңызды шараны Қарағанды облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Е.Нелдібаев ашып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты К.Социалұлы кітапханада жарыққа шыққан бедерлі-нүктелі қаріпті басылымдардың тұсауын кесті.

Іс-шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Н.Әуесбаев, Г.Нұрымова, Т.Серіков, К.Социалұлы және Парламент Мәжілісі VІІ шақырылымының депутаты, «Білте» қоғамдық қорының президенті, ақын М.Мыса кітапхана басшысы Ғ.Нұрлановпен бірге елімізде бедерлі-нүктелі қаріпті кітап шығаратын баспахана жоғын, оның ішінде балаларға арналған ғылыми, салалық, сауаташар әдебиеттердің жетіспеушілігін қозғап, алдағы жұмыс жоспарын талқылады.

– Кітапханамыздың тифлопедагог-оңалтушысы В.Высочинский арнайы тифлотехникалық құралдардың шолуын өткізіп, бөлім басшысы Р.Бұланбекова кітапханамызда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік-мәдени оңалтуда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Кездесу соңында кітапханамызда Брайль жүйесінде жарыққа шыққан 14 атаудан (21 дана) тұратын заңнамалық-құқықтық басылымдар Парламент кітапханасына тарту етілді. Іссапар барысында Астана ОКЖ көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында кітапхана меңгерушісі Қуандық Абдусамат іс-қызметтерімен жете таныстырып, «Шай» тифлотүсініктемелі фильмін көрсетті, – деп хабарлады Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханадан.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»