Санжар Әділовке құрмет көрсетілді

Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында ММА алғаш рет спорттық бағдарламаға енгізілді. Осы тарихи додада Қазақстан намысын қорғаған Қарағанды спортшысы Санжар Әділов қола жүлдеге ие болып, ел қоржынына осы спорт түрінен алғашқы медальді салды.

Санжар Әділов – кәсіпқой спорттағы жетістіктерімен ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүрген спортшы. Ол Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау кіші сержанты қызметін атқарады.

Азия ойындары аяқталған соң спортшыны туған жері – Қарағандыда спорт сүйер қауым зор ықыласпен қарсы алды. Сарыарқа әуежайына жиналған жанкүйерлер Санжарды жеңісімен құттықтап, оған қолдау көрсетті.

Спортшының айтуынша, Азия ойындарына дайындық жұмыстары шамамен жарты жыл бұрын басталған. Осы уақыт аралығында қазақстандық спортшылар бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жарысқа жан-жақты дайындалған.

– Азия ойындарына әуесқойлар арасында шамамен жарты жыл дайындалдық. Қазақстанда халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында және Шымкенттің тауларында дайындалдық. Жалпы, дайындығымыз өте жоғары деңгейде өтті. Бапкерлерімізбен бірге толыққанды дайындалып, шыңдалдық. Енді сол еңбегіміздің нәтижесін көрсеттік деп ойлаймын. Командалық мақсатымыз – екі алтын және бір қола медаль иелену еді. Бапкерлеріміз де осы нәтижені көздеген болатын. Қолымыздан келгенше сол мақсатты орындауға тырыстық, – дейді Санжар Әділов.

Спортшының жеке бапкері Зафар Саидов та Санжардың жарыс барысында бар күш-жігерін салып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындағанын атап өтті.

– Санжар жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бар күшін салып, лайықты нәтиже көрсете білді, – дейді Зафар Саидов.

ММА-ның Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енуі бұл жарыстың маңызын арттыра түсті. Ал Санжар Әділовтің қола жүлдесі – Қазақстан үшін осы спорт түрінен алғашқы медаль.

Ел намысын лайықты қорғаған спортшыға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз. Биік белестерді бағындырып, жеңісті күндері көп болсын!

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»